Павлодар облысында карантин енгізу қауіпі жоқ
Елімізде ауыл шаруашылығы жануарлардың аурулары өршіп барады, соның салдарынан кейбір облыстарда карантин жарияланды.
@Pavlodarnews.kz облыстағы жағдайды білу үшін ветеринария басқармасына хат жолдаған болатын.
Павлодар облысы ветеринария басқармасының хабарлауынша, эпизоотиялық жағдай тұрақты.
Ветеринарлар өңірге «шешек» ауруы қауіп төндірмейтінін айтады, сол себепті бұл ауруға қарсы алдын алу іс-шаралары жүргізілмейді. Биыл ветеринариялық алдын алу іс-шаралары жоспарға сәйкес жүзеге асырылады.
– Бұл мақсатта 9,7 миллион манипуляция жүргізу жоспарланған. Оның ішінде 9,5 миллион манипуляция жануарлардың 11 аса қауіпті ауруына қарсы жүргізіледі: құтыру, аусыл, пастереллез, сібір жарасы, эмкар, ринопневмония, нодулярлық дерматит, инфекциялық ринотрахеит, вирустық диарея, құстардың жоғары патогенді тұмауы және Ньюкасл ауруы. Мамандар туберкулезге және маңқаға 212,5 мың және етқоректілердің эхинококкозына 25,6 мың аллергиялық зерттеу жүргізу жоспарлаған, - дейді басқармада.
Сонымен қатар 1 323,7 мың диагностикалық зерттеу жүргізу жүргізу көзделіп отыр. Оның ішінде ауыл шаруашылығы жануарлар бруцеллезіне 1 299,9 мың зерттеу жасалмақ.
Жануарлар арасында аса қауіпті аурулар туындаған жағдайда «Ветеринария саласындағы нормативтік құқықтық актілерді бекіту туралы» ҚР АШМ 2014 жылғы 30 қазандағы № 7-1/559 бұйрығына сәйкес шектеу іс-шаралары мен карантин жарияланады.
Биылғы жылдың басында Железин, Ертіс, Ақтоғай аудандарының бірнеше ауылында иттер мен ірі қара малдың құтыру жағдайлары тіркелген.
Ветеринарлардың айтуынша, аймақтағы эпизоотиялық жағдай тұрақты және үнемі бақылауда.
Еске сала кетейік, Қазақстанның үш өңірінде – Шығыс Қазақстан, Қарағанды мен Қостанай облысы карантин жарияланды. Бұған ауыл шаруашылығы жануарларының ауруларының өршуі себеп болған.
Фото: ашық дереккөзден алынған