Көлік министрі Павлодардан Омбыға дейінгі жолдың жоспары жайлы айтты
Жобаны келесі жылы іске асыру жоспарлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ленинск – Ертіс – Русская Поляна трассасы Ресейге қарай шығады. 2022 жылы көрші мемлекет Омбы облысы арқылы өтетін 3,7 шақырым жолды жауып тастады. Павлодар өңірінде автокөлік жүргізушілері үшін уақытша балама жол жабдықталды, бірақ бұл жолдың жағдайы жергілікті тұрғындардың көңілінен шықпады.
Бұл мәселе ҚР Көлік министрі Марат Қарабаевпен кездесуде көтерілді. Павлодарлықтар айналма жолда бетон жабыны бола ма екені жайлы сұрады.
Министрдің айтуынша, учаске бойынша жобалау-сметалық құжаттама дайын, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Егер жоба ақпан айында бекітілсе, онда наурыз айында жөндеуге ақша салынады.
Марат Қарабаев айналма жолды қоса алғанда, негізгі трассаның 24 шақырымы күрделі жөнделетінін жеткізді. Алты шақырым жерде жаңа жол төсемі пайда болады.
Жобаның құны – миллиард теңге. Жұмыс келесі жылы басталады.