Павлодар облысында кедейлік шегі белгіленді
Атаулы әлкуметтік көмек алатындардан өтініш қабылдау басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында төртінші тоқсанға арналған кедейлік шегінің мөлшері 48 504 теңге болып белгіленді. Осы көрсеткіштен төмен табысы бар азаматтар атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) алуға өтініш бере алады.
Облыстық 109 бірыңғай байланыс орталығының мәлімдеуінше, АӘК алуға үміткер азаматтар тұрғылықты жері бойынша Мансап орталығына немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне жүгіне алады.
Сонымен қатар, электрондық цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) бар азаматтар өтінішті үйден шықпай-ақ «Электрондық үкімет» порталы арқылы беруге болады.
— Интернетке қолжетімділігі жоқ тұрғындарға да өтініш беру мүмкіндігі қарастырылған. Ол үшін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінде, Мансап орталықтарында, сондай-ақ облыстың қалалары мен аудандарындағы ауылдық округ әкімдіктерінде өзін-өзі қызмет көрсету бұрыштары ұйымдастырылған, - делінген хабарламада.
Өтініш берген кезде азаматтың жеке басын сәйкестендіру үшін тек жеке куәлік қажет.
АӘК – табысы белгіленген кедейлік шегінен төмен отбасыларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларының бірі. Сондықтан көмек алуға құқығы бар тұрғындар тұрғылықты жері бойынша тиісті органдарға жүгініп, қажетті ақпаратты нақтылай алады.