Павлодарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ашық есік күні өткізілді

Павлодарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ашық есік күні өткізілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Іс-шарада азаматтар ведомство жұмысымен танысып, құқықтық кеңестер алды және қоғам белсенділігінің маңызын атап өтті, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz тілшісі

Қазақстанның барлық өңірлерінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аумақтық департаменттері ашық есік күнін ұйымдастыруда.  Іс-шараның басты мақсаты – агенттік қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, халықпен тікелей байланыс орнату және азаматтарды жемқорлықпен күрестегі өз рөлі мен мүмкіндіктері туралы хабардар ету. Бұл бастама қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы сенімді арттыруға бағытталған.

 –   Әріптестеріміз азаматтарға арыз-шағымдарды қалай дұрыс рәсімдеу керектігі жөнінде кеңес беріп жатыр. Бұл – тек ақпарат беру емес, азаматтардың құқықтық сауатын арттырудың да бір жолы, – дейді Павлодар облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің аса маңызды істер жөніндегі офицері Нұргүл Сейітова.

Іс-шараға қатысқан павлодарлық Дильназ Мұрат ашықтықты қамтамасыз ететін мұндай форматтың маңыздылығын атап өтті.

Бұл шара мен үшін ерекше әсер қалдырды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жұмысымен тереңірек таныстым. Бұл мекеме қоғаммен ашық байланыс орнатып, сенім ұялата алатын орган екеніне көзім жетті. Әрбір азамат ел ішіндегі жемқорлықпен күресте бейжай қалмай, үлес қосуы тиіс, – деді ол.

Ашық есік күні аясында келушілер ведомство қызметкерлерінің арнайы сапарларға шыққанда қолданатын қорғаныс құралдарымен де танысты.

Жансая Мәлік