Павлодар облысында «Халықтық бухгалтер» акциясы мәресіне жетеді
Салық төлеушілерге арналған тегін консультациялар 30 маусымға дейін жалғасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде жыл басынан бері өтіп жатқан «Халықтық бухгалтер» республикалық акциясы өз мәресіне жақындады. Тұрғындар салық салуға қатысты сұрақтары бойынша мамандардың көмегіне тағы төрт рет жүгіне алады.
Акция аясындағы соңғы консультациялар 18, 23, 25 және 30 маусым күндері ұйымдастырылады. Қабылдау әр сейсенбі және бейсенбі күні сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін өтеді.
Кездесулер Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалаларындағы және аудандық мемлекеттік кірістер басқармаларында офлайн форматта ұйымдастырылады.
– Салық төлеушілерге «Қазақстан бухгалтерлері мен бухгалтерлік ұйымдарының одағы» кәсіби ұйымының мүшелері мен мемлекеттік кірістер органдарының жетекші мамандары кеңес береді, – деп хабарлады өңір бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі.
Мамандар жаңа салық заңнамасының нормаларын түсіндіріп, тұрғындарды қызықтырған мәселелер бойынша түсініктеме береді.