Екібастұзда полиция тұрғындармен ашық диалог өткізді

Мал ұрлығы, есірткі және интернет-алаяқтыққа қарсы нәтижелер айтылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Болат Нұрсейітовтің қала тұрғындарымен есептік кездесуі өтті. Кездесу «Самғау» балалар шығармашылығы орталығында ұйымдастырылды. Оған зейнеткерлер, жастар, ҮЕҰ өкілдері, құқық қорғаушылар мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында Болат Нұрсейітов облыстағы және қаладағы құқықтық ахуал бойынша 2024 жылдың және ағымдағы кезеңнің қорытындыларын таныстырды. ҚР ІІМ бастамасымен 2025 жыл құқықбұзушылықтың алдын алу жылы деп жарияланып, «Заң және тәртіп» қағидатын нығайту негізгі мақсат ретінде белгіленді.
Спикер тұрмыстық қылмыстың, мал ұрлығының, есірткі қылмыстарының, интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытындағы нақты нәтижелерді атап өтті. 2024 жылы 461 келі есірткі тәркіленсе, биыл 116 келі есірткі айналымнан алынған. Интернет-алаяқтыққа қатысты 600-ден астам қылмыс тіркеліп, 24 алаяқ пен екі қылмыстық топ ұсталған.
Кездесуде азаматтардың шағымдары жеке қаралып, бірқатары бойынша нақты тапсырмалар берілді. Олардың орындалуын Болат Нұрсейітов жеке бақылауына алды.
Іс-шара соңында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге үлес қосқан белсенді тұрғындар алғыс хаттармен және грамоталармен марапатталды.