Павлодар облысында инвазиялық өсімдік түрлерін азайту жобасы жүзеге асырылуда

Павлодар облысында инвазиялық өсімдік түрлерін азайту жобасы жүзеге асырылуда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Успен, Шарбақты, Май аудандарында және Ақсу қаласында әкімдік активі мен тұрғындарға арналған ақпараттық-түсіндіру дәрістері өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

«Ақсу, Екібастұз қалаларында және Павлодар облысының алты аудан орталығында инвазиялық өсімдік түрлерінің санын азайту жөніндегі іс-қимыл алгоритмін насихаттау және енгізу» жобасы аясында Успен, Шарбақты, Май аудандарында және Ақсу қаласында әкімдік активі мен тұрғындарға арналған ақпараттық-түсіндіру дәрістері өткізілді.

Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырған шараның мақсаты тұрғындардың инвазиялық өсімдік түрлерінің таралу мәселесі туралы хабардарлығын арттыру, қатысушыларды әдістемелік және ақпараттық материалдармен қамтамасыз ету, сондай-ақ жергілікті жерлерде жұмыс топтарын қалыптастыруға ықпал ету болды.

«Торайғыров университеті» КеАҚ «Агротехнология» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Виктор Камкин өсімдіктің «инвазиялық түр», «аборигендік түр» және «адвентивтік түр» ұғымдары туралы айтып, инвазиялық өсімдіктердің қоршаған ортаға, ауыл шаруашылығына және тұрғындардың денсаулығына тигізетін ықтимал пайдасы мен зиянын түсіндірді.

— Инвазиялық өсімдіктердің қоршаған ортаға зияны жетерлік. Мәселен, жергілікті өсімдіктерді ығыстырады, биоалуантүрлілікті азайтады, ауыл шаруашылығына шығын келтіреді, адам мен жануарлардың денсаулығына қауіп төндіреді және экожүйенің табиғи тепе-теңдігін бұзады, - деді ол. 

Өңірде кең таралған екі инвазиялық өсімдікке — дурнишникжапырақты циклахена мен жусанжапырақты амброзияға ерекше назар аударылды. Спикер олардың биологиялық ерекшеліктеріне, таралу жолдарына, жергілікті биоценоздарға тигізетін зиянды әсеріне, сондай-ақ адам денсаулығына төндіретін қауіптеріне, соның ішінде аллергиялық реакциялардың пайда болу мүмкіндігіне егжей-тегжейлі тоқталды.

Айта кетелік, инвазиялық өсімдік – белгілі бір өңірге сырттан әкелінген немесе кездейсоқ таралған, кейін сол жерде тез көбейіп, жергілікті табиғи өсімдіктерді ығыстыратын өсімдік түрі.

Павлодар облысында кездесетін жусанжапырақты амброзия – күшті аллерген, гүлдеу кезеңінде адамдарда түшкіру, көздің қышуы, демікпе сияқты аллергиялық реакциялар тудырады. Ал дурнишникжапырақты циклахена – егістік жерлерді басып, мәдени дақылдардың өсуіне кедергі келтіреді.