Павлодар облысында коммуналдық желілерді жаңғырту жұмыстары күшейтіледі

Павлодар облысында коммуналдық желілерді жаңғырту жұмыстары күшейтіледі
Фото: жи

Жобалар инфрақұрылымның төрт бағытын қамтиды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыста энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында биыл 20 бастама жүзеге асырылуда. Оларға бес табиғи монополия субъектісі қатысады.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Нұрмұратовтың мәліметінше, бастамалардың жалпы құны 17 милиард 473 миллион теңгені құрайды.

– Жобалар электрмен, жылумен, сумен жабдықтау және су бұру салаларын қамтиды. Негізгі мақсат – ескірген инфрақұрылымды жаңарту, желілердің техникалық жағдайын жақсарту және тұрғындар мен кәсіпорындарға көрсетілетін қызметтердің сенімділігін арттыру, – деді ол.

Электрмен жабдықтау саласында «Павлодар өңірлік электр желілік компаниясы» АҚ тоғыз жобаны жүзеге асыруда. Жылумен қамту бағытында «Павлодар жылу желілері» ЖШС бойынша төрт, «Екібастұз жылу энергетикасы» бойынша төрт, ал Ақсудағы «Теплосервис-Ақсу» кәсіпорны бойынша екі жоба жоспарланған. Бұдан бөлек, сумен жабдықтау және су бұру саласында бір жоба бар.

Департаменттің мәліметінше, «Павлодар өңірлік электр желілік компаниясы» АҚ-ның жобаларын қоспағанда, қалған табиғи монополия субъектілерінің бастамалары жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, жобаларды қаржыландырудың екі тетігі қарастырылған. Біріншісі – табиғи монополия субъектілерінің екінші деңгейлі банктермен қарыз шарттарын жасасуы. Екіншісі – жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік бағалы қағаздар шығару арқылы қаражат тартуы.

Өңірдегі жылумен жабдықтау бағытындағы жобалар облигациялар шығару арқылы қаржыландырылып жатыр. Бұл ретте қарызды өтеу міндеттемесі жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі.

– Жаңғырту жұмыстарына жұмсалған қаражаттың негізгі ауыртпалығы тікелей тарифке енгізілмейді. Басқа өңірлерде мұндай шығындардың бір бөлігі тарифтің өзіндік құнына қосылуы мүмкін, – деп түсіндірді департамент өкілі.

Ұлттық жоба биылмен шектелмейді. Коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары 2029 жылға дейін жалғасады. Қазір департамент табиғи монополия субъектілерінің техникалық нысандардың тозу деңгейін төмендетуге бағытталған жаңа ұсыныстарын қарастырып жатыр.

Жалпы, бастама аясында ескірген коммуналдық желілерді жаңарту, энергетикалық нысандардың жағдайын жақсарту және көрсетілетін қызметтердің тұрақтылығын қамтамасыз ету көзделген.

Еске сала кетейік, 1 қазаннан бастап облыста бірқатар коммуналдық қызметтердің тарифтері өзгереді. Электр энергиясының тарифі өссе, ауызсу және сарқынды суды бұру қызметтерінің тарифтері төмендейді.