Жасыбай көлінде жаңа құтқару капсуласы ашылды
Құтқарушылар енді курорттық аймақта тұрақты кезекшілік атқарады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Баянауыл ауданындағы Жасыбай көлінің жағалауында жаңа модульдік құтқару капсуласы ашылды. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов қатысты.

Жасыбай жағалауында 50-ден астам демалыс орны орналасқан. Шомылу маусымында мұнда күн сайын мыңдаған турист демалады. Бұған дейін көлдегі қауіпсіздікті Баянауыл ауылындағы құтқару бөлімшесі қамтамасыз еткен.

– Жаңа нысанның басты артықшылығы – оның тікелей су жағасында орналасуы. Енді қызметкерлер курорттық аймақта тұрақты кезекшілік атқарып, оқиға орнына жедел жетіп, жағалаудағы жағдайды күн сайын бақылай алады, – деп хабарлады департаментте.
Жоба жергілікті атқарушы органдардың бастамасымен жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылды.



Капсулада кезекшілік және демалыс бөлмелері, тамақтануға арналған орын мен санитарлық-тұрмыстық бөлме жабдықталған. Оның жанында техникаға арналған ангар және бейнебақылау камералары орнатылған құтқару мұнарасы орналасқан. Камералардан түсетін бейне бөлімшенің пультіне беріледі.

Құтқарушылар жедел-құтқару автомобилімен, қайықпен, байланыс құралдарымен және қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді. Бөлімшенің штатында он адам бар, күн сайын кезекшілікке кемінде екі қызметкер шығады.


– Жаңа капсула профилактикалық жұмысты күшейтіп, өңірдегі ең танымал туристік нысандардың бірінде демалушылардың қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті ведомствода.

Салтанатты шара барысында Шыңғыс Әрінов құтқарушыларға капсула мен жедел-құтқару автомобилінің кілттерін табыстады. Жобаны іске асыруға үлес қосқан бөлімше қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдардың өкілдері Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволық және облыс әкімінің наградаларымен марапатталды.