Павлодарда электр желілерінің 134 шақырымы жаңартылады
Жұмыстардың бір бөлігі әуе желілерін кабельдік желілерге ауыстыруды және трансформаторлық қосалқы станцияларды жаңартуды қамтиды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биыл Павлодар электр желілік тарату компаниясы инвестициялық бағдарламаға 5,8 миллиард теңге бағыттайды. Оның 3 миллиард теңгесі «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында іске асырылады.
Инвестициялық бағдарлама аясында энергетиктер 15 трансформаторлық қосалқы станция мен электр монтерлеріне арналған шеберхананы да қайта жаңартады. Ескі рубероид жабындысы мырышталған профильді қаңылтырдан жасалған берік жабынға ауыстырылады. Бұл ғимараттардың қызмет ету мерзімін ұзартуға, оларды пайдалану жағдайын жақсартуға және адамдар мен жануарлардың қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Павлодар электр тарату компаниясы» АҚ өндіріс жөніндегі бас директорының орынбасары Алексей Толстыхтың айтуынша, барлық іс-шара тұрғындар мен кәсіпорындарды тұрақты әрі үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етуге бағытталған.
Ірі жобалардың бірі – кернеуі 10 киловольт болатын, 110/10 киловольттық «Шығыс қалалық» қосалқы станциясының №11 фидерімен жұмыс істейтін әуе электр желісін қайта жаңарту. Бұл желі Павлодардың Шығыс шағын ауданындағы тұтынушыларды электр энергиясымен қамтамасыз етеді.
– Қайта жаңарту аясында төрт комплектілі трансформаторлық қосалқы станцияны жаңасына ауыстырамыз, жаңа әуе желілерін тартып, кабельдік желілер саламыз. Қазір жұмыстардың 70 пайызы орындалды. Желінің ұзындығы 5,9 шақырымды құрайды. Ол аралас – бір бөлігі әуе арқылы, екінші бөлігі жер астымен өтеді. Қазір учаскелердің бірінде кабель тартылып жатыр. Бұл желіден 1000-нан астам павлодарлық электр энергиясын алады, – деді Алексей Толстых.
Биыл энергетиктер 134 шақырымдық электр желісін және 45 бірлік жабдықты ауыстыруды немесе жаңғыртуды жоспарлап отыр. Оның ішінде әуе желілері кабельдік желілерге ауыстырылады. Бұл электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Кәсіпорын балансындағы Павлодар облысының электр желілерінің тозу деңгейі 66,26 пайызды құрайды. 2026 жылғы инвестициялар есебінен бұл көрсеткішті 0,05 пайызға төмендету жоспарланған.
– Тозу деңгейі бойынша біз «сары» аймақта тұрмыз. Инвестиция көлемін арттыру қажет. Ел бойынша энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Ол электр, жылу және сумен жабдықтау желілерін жаңартуға бағытталған. Келесі жылы ұлттық жоба аясында 16 млрд теңгенің іс-шараларын жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз, – дейді спикер.
Жаңғырту жұмыстары Павлодар облысының барлық аудандарында жүргізілуде. Кәсіпорынның қарамағында 15 мың километрден астам желі, кернеуі 35-тен 220 киловольтке дейінгі қосалқы станциялар және шамамен 3500 комплектілі трансформаторлық қосалқы станция бар.
– Биыл он комплектілі трансформаторлық қосалқы станция қалпына келтірілді. Негізгі жабдықтар орнатылды, енді іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары қалды. Блок-модульді қосалқы станцияларды орнату ең алдымен электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттырып, негізгі қорлардың тозуын азайтады. Жабдықтардың басым бөлігі нормативтік пайдалану мерзімін өтеп қойған. Мұндай қосалқы станцияның құны көлемі мен жиынтықталуына қарай 7 миллион теңгеден 40 миллион теңгеге дейін жетеді. Жаңа жабдық кемінде 30 жыл жұмыс істей алады, – деді Алексей Толстых.
Маманның айтуынша, мұндай жаңғыртудың тиімділігі бірнеше бағыттан көрінеді. Нормативтік қызмет ету мерзімі аяқталған жабдықтар жаңартылады, электрмен жабдықтау сапасы артады. Сонымен қатар желілерді қайта жаңарту барысында жаңа тұтынушыларды қосып, қолжетімді қуатты арттыруға мүмкіндік пайда болады.
Кәсіпорында жаңғыртуға арналған жобаларды техникалық кеңес іріктейді. Мамандар ұсыныстарды жинап, оларды қолда бар қаржы мен бес жылдық жоспарларды ескере отырып қарастырады. Осыдан кейін ең маңызды жобалар таңдалып, қорғауға ұсынылады.
Еске салайық, өңірде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» бағдарламасы бойынша 16 жоба жүзеге асырылуда. Мемлекеттік қолдаудың арқасында соңғы 30 жылда алғаш рет инженерлік инфрақұрылымның тозу деңгейінің өсуін тоқтатуға мүмкіндік туды. Қазір бұл көрсеткіш 78,2 пайыз деңгейінде. Жыл қорытындысы бойынша жүргізілген жұмыстарды ескере отырып, көрсеткішті 76,6 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр.