Павлодар облысында мемлекеттік қызметшілердің жартысынан көбі – әйел адамдар

Павлодар облысында мемлекеттік қызметшілердің жартысынан көбі – әйел адамдар

Бұл туралы баспасөз жиынында ҚР мемлекеттік қызмет істері Агенттігі Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Ержан Қарымсақов мәлім етті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

– 2023 жылғы 1 қаңтарына Павлодар облысының мемлекеттік қызметшілерінің штат саны 4 218 бірлікті құрады. Жұмыс жасап жатқан 3 959 адам бар. Оның ішінде жергілікті атқарушы органдарда – 2 652, аумақтық мемлекеттік органдарда – 1 566 адам, – деді Ержан Қарымсақов.

Павлодар облысының мемлекеттік органдарында 2 677 (68%) әйел жұмыс атқаруда, оның 529-ы басшылық лауазымда. 

Департамент басшысының айтуынша, облыста мемлекеттік қызметте 259 бос орын бар. 

– Көбіне ауылдық жерлерде мемлекеттік қызметшілердің орны бос. Ауылдарда әсіресе ветеринарлар жетіспейді. Оған қоса, бүгінде экономистердің жетіспеушілігі байқалады, – деді Ержан Қарымсақов.

Облыста мемлекеттік қызмет жүйесінде «Болашақ» бағдарламасының 4 түлегі және мемлекеттік басқару академиясын бітірген 17 мемлекеттік қызметші еңбектенуде. Мемлекеттік қызметте 291 жас мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Бұл 11 пайызды құрайды. Олардың 43-і басшылық лауазымда. 

Облыстағы мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы – 42 жасты құрайды. 

Облыс қызметшілерінің 89 % жоғары білімді, 19 %  бірнеше жоғары білімдері бар. Өңірде мемлекеттік қызмет жүйесінен өз еркімен босатылған адамдардың саны 183 (4,3%).

Оразбек Саяхат

Фото: Константин Шелков