Павлодарда Мәңгілік алау жанында еске алу рәсімі өтті

Павлодарда Мәңгілік алау жанында еске алу рәсімі өтті
Фото: Константин Шелков

Өңір халқы Ұлы Отан соғысына қатысқан 46 мың павлодарлық майдангер мен соғыс жылдарында қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жауынгерлік даңқ алаңына облыс пен қала басшылары, әскери қызметкерлер, күштік және құқық қорғау органдарының өкілдері, сондай-ақ қала тұрғындары гүл шоқтарын қойды.

Мәңгілік алау жанындағы еске алу рәсімі кезінде Қабанбай батыр атындағы облыстық мамандандырылған «Жас сарбаз» мектебінің тәрбиеленушілері құрмет қарауылында тұрды. Оқу орнының өкілі Айдос Нұғмановтың айтуынша, мектеп жыл сайын гүл шоқтарын қою рәсіміне қарауыл қояды.

– Бұл рәсімге жоғары курс оқушыларының ішінен үздіктері іріктеледі. Таңдау кезінде олардың тәртібі, дайындық деңгейі және қатарластары арасындағы беделі ескеріледі. Кейбір тәрбиеленушілердің иықтарында әскери атақтары да бар. Қарауыл құрамындағы оқушылардың бірі – кіші сержант. Бұл оның жетістіктері мен басшылықтың сенімін білдіреді, – деді ол.

Құрмет қарауылы шара аяқталып, соңғы қатысушы кеткенге дейін өз орнында тұрады. Қарауыл әр 30 минут сайын ауыстырылып отырады, постта бір мезетте екі адам қызмет атқарады.

Әкесінің рухына тағзым етуге павлодарлық Назира Идрисова да келді. Биыл оның әкесі Әбу Баязитовтың туғанына 119 жыл толады.

– Біздің отбасымызда алты бала болды. Балалары, немерелері мен шөберелері әкеміздің есімін құрметпен еске алады. Ол соғыстың алғашқы күндерінен бастап майданға аттанған. Әкем өте сабырлы, еңбекқор жан еді, абыройлы ғұмыр сүрді. Әр жылдың тоғызыншы мамырында осы жерге келеміз, – деді Назира Идрисова.

Гүл қою рәсімі кезінде павлодарлықтардың Жеңіске қосқан үлесі ерекше аталып өтті. Облыстық мемлекеттік мұрағат мәліметінше, Павлодар облысынан аттанған еріктілердің басым бөлігі Ленинград түбінде алғашқы шайқасын қабылдап, қоршауды бұзуға қатысқан 314-атқыштар дивизиясының құрамында болған.

Павлодарлық жауынгерлер Еуропаны ұрыс даласымен кесіп өтіп, Берлинді азат етуге қатысып, соғысты Чехословакияда аяқтады. Олардың шамамен 22 мыңы туған жеріне оралмады. Олар майдан даласында қаза тапты, хабар-ошарсыз кетті немесе жарақат салдарынан көз жұмды.