Павлодар облысы мұнай өңдеу өнімдері бойынша үшінші орында

Павлодар облысы мұнай өңдеу өнімдері бойынша үшінші орында
Фото: https://pixabay.com/ru

2023 жылғы қаңтар-шілдеде өңірде кокс және мұнай өңдеу өнімдері 95,5 млрд  теңге сомасына өндірілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық статистика департаментінің мәліметінше, жалпы көлемдегі мұнай өндеу өнімдерінің өндірісі 3071,9 мың тоннаны құрады. Оның ішінде 32,8% – газойльдерге (дизельдік отын), 27,2% – мотор отынына (бензин, соның ішінде авиациялық), 10,9% – оттық мазутқа, 8,5% – мұнай және тақта тасты коксқа, 4,6% – мұнай және тақта тасты битумдарға, 6,1% көмірсутекті сұйытылған газдарға келеді. Өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемінде кокс және мұнай өңдеу өнімдері өндірісінің үлесі 5,5% алады, өңдеу өнеркәсібінде – 8,9%. 

– Қазақстан өңірлері арасында жалпы көлемдегі мұнай өңдеу өнімдері бойынша біздің облыс Атырау облысы және Шымкент қаласынан кейін үшінші орынды алады. Олардың үлесі республика көлемінде (12240 мың тонна) 33,6% және 30,2% құрайды, – деп жазылған хабарламада.

Биыл қаңтар-шілде аралығында кокс және мұнай өңдеу өнімдерінің өндірісіне 12,1 млрд теңге көлемінде инвестициялар салынған. Ал қаңтар-маусым айларында осы саладағы орташа жалдамалы жұмыскерлердің саны – 1829 адам. Олардың орташа айлық еңбек ақысы өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 4% көбейіп, 576224 теңгені құрады.

Еске сала кетейік, көмір өндіру бойынша Павлодар облысы республикада бірінші орынды (39,2 миллион тонна) алады. Мемлекетіміздің жалпы көмір өндірісіндегі (65 миллион тонна) Павлодар облысының үлесі – 60,3%, келесі кезекте Қарағанды облысы – 31,7% және Абай облысы – 6,5%.