Павлодарда ата-аналардың шағымынан кейін мектептер жөнделеді
Білім ошақтарының аумақтары да асфальтталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Instagram желісіндегі тікелей эфирде қала әкімі Хасар Хабылбеков мәлім етті.
Өткен жылы Павлодарда он мектеп пен бес балабақша күрделі жөндеуден өтті. Қырық мектепке дейінгі мекеменің аумақтары асфальтталды.
– №9 мектеп-гимназиясының жаңадан салынған ғимараты орын тапшылығын азайтуға мүмкіндік берді. Жыл соңына дейін «Достық» шағын ауданы мен Гагарин көшесінің бойында 1800 орындық екі жайлы мектептің құрылысы аяқталады, – дейді қала әкімі.
Биылғы жылы әкімдік тағы үш жаңа жайлы мектеп салуды және № 2, 11, 14, 15, 18, 21, 27, 35-ші мектепті күрделі жөндеуден өткізуді жоспарлап отыр. Аталған мектептердің кейбірі 30 жыл бойы жөндеу жұмысын көрмеген. Кейбір мектептерге ата-аналарының өтініштерінен кейін жөндеу жұмыстары жүргізілді. Олар құзырлы органдарға ғимараттарда жылу берілмейтінін, балаларға суық тиіп, ауырып жатқанын айтып шағымданған.
Әкімдік екі жылдың ішінде мектеп аумағын асфальттауды жоспарлап отыр. Биылғы жылдың жоспарында 22 білім беру ұйымы, атап айтқанда № 2, 5, 6, 11, 14, 15, 17, 18, 19, 21, 24, 26, 27, 29 орта мектептер, Мақпалеев атындағы, Ш. Шөкин, Қ.Бекхожина, А.Шамкенова, Р.Нұртазина, С.Торайғырова атындағы мектептер бар.