Павлодарлық сот азаматтың грантты өтеу мерзімін ұзартты
Іс барысында жауапкердің отбасылық жағдайы, қаржылық қиындықтары және әлеуметтік мәселелері ескерілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Білім туралы» Заңның 47-бабының 17-тармағына сәйкес мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде педагогикалық және медициналық мамандықтарға оқуға түскен Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған мерзімдерде және тәртіппен жұмысын өтеуге міндетті.
– Азамат Павлодар мемлекеттік университетін «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітіріп, мемлекеттік грант негізінде оқыды. Алайда, оқуын тәмамдаған соң жауапкер Заңда белгіленген міндеттемелерді орындамаған, сондықтан одан 792 мың теңге өндірілді. Жауапкер шешімді орындауға мүмкіндігі болмағандықтан, сот шешімін орындау үшін бөліп төлеу туралы өтінішпен сотқа жүгінді, – деді Павлодар қалалық сотының баспасөз орталығында.
Сот өтінішті қарау кезінде жауапкердің мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтінін, оның асырауында жұбайы мен балаларының бар екенін, жұбайының төрт мүгедек баласын бағып-күтуіне байланысты жұмыс істемейтінін, несиелік міндеттемелері, оның ішінде ипотекасы бар екенін анықтады.
Сот жауапкердің материалдық жағдайы одан әрі нашарламауы үшін, әсіресе балалардың денсаулығына тікелей әсер ететін (толыққанды тамақтану, киім және аяқ киіммен қамтамасыз ету қажеттілігі сияқты) маңызды қажеттіліктерін ескере отырып, Н.-ның отбасын жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету керек екенін назарға алды.
Сонымен қатар, төрт баланың мүгедектігі, жауапкердің жалақысының мөлшері және несие бойынша міндеттемелері, оның ішінде ипотекалық қарызы бар екенін ескере отырып, сот жауапкерге 2 жыл 3 ай ішінде шешімді бөліп төлеуге рұқсат беріп, өтінішін қанағаттандырды.
Ұйғарым заңды күшіне енген жоқ.