Павлодар облысында мотокөлік саны артып келеді

Павлодар облысында мотокөлік саны артып келеді
Фото: istockphoto.com/Roberto Jimenez

Өңір еліміз бойынша жетінші орында, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Energyprom.kz сараптамалық порталының хабарлауынша, Қазақстанда соңғы жылдары мотокөлікке деген қызығушылық айқын артып келеді. Биылғы қыркүйек айының қорытындысы бойынша елде 136 мыңнан астам мотоцикл, мопед, квадроцикл және трицикл тіркелген. Бұл көрсеткіш бір айда бір пайызға, ал сәуірден қыркүйекке дейінгі мотомаусым аралығында 18 пайызға өскен.

Ең көп мотокөлік Алматы облысы мен Алматы қаласында тіркелген. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан өңірлері де көш басында.

Ал Павлодар облысы бұл тізімде жетінші орында тұр. Өңірде бес мыңнан астам мотокөлік тіркелген. Мамандар мұны павлодарлықтардың белсенді өмір салтына, мотоспортқа және жеке көлік еркіндігіне деген қызығушылығымен байланыстырады.

Еліміз бойынша мотокөліктердің басым бөлігі – бұрынғы үлгідегі ескі техника. Дегенмен жаңа, заманауи модельдердің үлесі де жыл сайын көбейіп келеді. Көлік иелері арасында қауіпсіздік мәдениеті мен техникалық күтімге назар аудару да қалыптасып келеді.