Анасы терезеден лақтырған: Павлодарда сәби көз жұмды

Дәрігерлер оның өмірі үшін екі күн күресті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 2024 жылы туған баланың жағдайы 1 тамыз күні бойы өте ауыр және тұрақсыз күйде болған.
– Кешке қарай денсаулығы күрт нашарлады. Сағат 20:10-да жүрек қызметі тоқтап, 20:40-та баланың қайтыс болғаны тіркелді. Дәрігерлер екі тәулік бойы оның өмірі үшін күресті, алайда өкінішке қарай, сәбиді аман алып қалу мүмкін болмады, – делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, Павлодарда 1991 жылы туған әйел екі баласымен бірге көпқабатты үйдің 4 және 5-қабаттары арасындағы терезеден құлап кеткен. Алдын ала мәлімет бойынша, ол алдымен балаларын итеріп жіберіп, кейін өзі секірген. Үшеуі де ауыр жарақат алып, жансақтау бөліміне түсті. 2024 жылы туған сәбиге ішкі қан кету салдарынан шұғыл ота жасалып, зақымданған бүйрегі алынып тасталды. Отадан кейін жүрегі тоқтап, реанимациялық шаралар жүргізілген. Бала жасанды тыныс алу аппаратына қосылған еді.
Ағасының жағдайы ауыр, бірақ тұрақты. Тергеу барысында әйелдің психиатриялық есепте тұрғаны белгілі болды. Оған қатысты «Адам өлтіруге оқталу» және «Өзін-өзі өлтіруге итермелеу» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды.