Павлодар саяжайларын салт атты полицейлер қалай күзетеді?
Көлікпен жету қиындық тудыратын аймақтар басты назарда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыста жазғы маусымның басталуына байланысты бау-бақша алқаптарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Осы бағытта полицияның салт атты жасақтары қоғамдық тәртіпті қадағалап, мүліктік құқықбұзушылықтардың жолын кесу жұмыстарын жүргізуде.
Полиция департаментінің патрульдік полиция батальоны жанындағы кавалериялық взвод қызметкерлері демалыс учаскелерін тәулік бойы бақылауда ұстайды. Атпен күзет қызметі әсіресе көлікпен немесе жаяу жету қиын жерлерде өзінің тиімділігін көрсетіп келеді.

Полиция батальоны жанындағы кавалериялық взвод командирінің орынбасары Елжас Қалиевтің айтуынша, жаз айларында саяжай массивтерінде адам саны артып, кейбір жеке заттар мен құрал-саймандар қараусыз қалатын жағдайлар кездеседі.
– Салт атты нарядтардың артықшылығы – көлікпен немесе жаяу жету қиын жерлерге еркін бара алуында. Бұл жеке мүлік ұрлығының алдын алуда маңызды рөл атқарады. Сондықтан мұндай күзет түрі құқықбұзушылықтарды болдырмауда өте тиімді, – деді Елжас Қалиев.
Қазіргі кезде қоғамдық тәртіпті сақтау жұмыстарына екі салт атты наряд жұмылдырылған. Олар демалушылар мен учаске иелерінің қауіпсіздігін бақылап, профилактикалық шараларға басымдық береді.
Кавалериялық жасақ оңтүстік полиция бөлімінің қарамағындағы бау-бақша алқаптарын күзетеді. Бұл әуежай сақинасынан бастап әуежайға дейінгі жолдың екі жағында орналасқан учаскелерді қамтиды. Бақылау барысында негізінен тұрғындары бар әрі пайдаланылып жатқан жерлер назарға алынады.
– Алқаптардың көлемі үлкен болғанымен, тұрғындары бар және қолданыстағы учаскелерге басымдық беріледі. Қараусыз қалған орындардан гөрі адамдар тұратын жерлерге көбірек көңіл бөлінеді, – деді взвод командирінің орынбасары.
Полиция дерегінше, бұл өңірлерде ауыр қылмыстар сирек тіркеледі. Негізінен ұсақ мүліктік құқықбұзушылықтар кездеседі. Сондықтан салт атты жасақтардың басты міндеті – түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, құқыққа қайшы әрекеттердің жолын кесу.

Кавалериялық қызметтің тағы бір ерекшелігі – бақылау мүмкіндігінің кеңдігі.
– Қызметкер ат үстінде болғандықтан, айналаны кеңірек шолып, жағдайды жақсы бақылай алады, – деді Елжас Қалиев.
Қазіргі таңда Павлодар облысы полиция департаментінің қарамағында 15 қызметтік жылқы бар. Олар арнайы дайындықтан өткен және тұрақты түрде қызметке тартылады. Әрқайсысының инвентарлық нөмірі бар әрі толық есепке алынған.
Кавалериялық взвод шамамен жеті жыл бұрын құрылған. Осы уақыт ішінде қызметтік жылқылар жаңартылып отырған. Мамандардың айтуынша, жануарларға қажетті күтім толық көрсетіледі: жем-шөп беріледі, ветеринарлық тексерулер өткізіледі, екпе салынып, тағалары мен тұяқтары тұрақты қаралады.
Бүгінде салт атты жасақтар жазғы маусымда қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңызды тетіктерінің бірі болып отыр. Жоғары мобильділігі мен қолжетімділігінің арқасында олар жетуі қиын жерлерді бақылап, тұрғындардың тыныштығын қорғауға өз үлесін қосуда.