Павлодарлық дәрігерлер жүкті әйелдерге УДЗ маңыздылығын түсіндірді
Облыста жыл сайын жүктілікке байланысты 10 мыңнан астам әйел тіркеуге тұрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Олардың әрқайсысын дәрігер тексереді және болашақ аналар бірнеше скринингтен өтеді. Оның ішінде аналық скрининг бар. Бұл – жүктіліктің 9-13 аптасында әйелдің тамырындағы қанның биохимиялық анализаторымен зерттеу деп аталатын скрининг. Мұндай талдау жатырішілік ұрықтағы хромосомалық патологияларды анықтауға мүмкіндік береді. Оны тұрғылықты жері бойынша емханаға тапсырады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы аналар мен балаларды қорғау бөлімінің басшысы Гүлнар Жармакинаның сөзінше, 19-25 апта аралығында облыстың барлық жүкті әйелдері Б.Сұлтанов атындағы облыстық ауруханада орналасқан ұрықты қорғау орталығында екінші ультрадыбыстық скринингтен өтуі қажет. Себебі бұл ауруханада ұрықтың даму ақауларының бар-жоғын дәл анықтауға мүмкіндік беретін сараптамалық ультрадыбыстық аппараттар бар.
Облыстық ауруханада ақауларының бар-жоғын дәл анықтауға мүмкіндік беретін сараптамалық ультрадыбыстық аппараттар орналасқан.
– Егер қандай да бір ақау табылса, жүкті әйел перинаталдық орталық мамандарынан қайта тексеруден өтеді, – деді Гүлнар Жармакина. - Консилиумға балалар генетиктері, кардио және неонаталдық хирургтар кіреді. Олар жүктілікті ұзарту немесе оны тоқтату туралы шешім қабылдайды.
2022 жылы 59 медициналық консилиум өтті, онда 240 жүкті әйелдің "ісі" қаралды. Ұрықтың даму ақаулары байқалған 225 жағдай расталды, бірақ 64 жағдай бойынша мамандар жағдайдың түзетуге келмейтініне көз жеткізген соң әйелдер жүктілікті тоқтатуға мәжбүр болды.
Гүлнар Жармакина облыс әйелдеріндегі жүктілікті тоқтатудың алғашқы бес көрсеткішін атады – жүрек ақаулары, тірек-қимыл аппараты, несеп-жыныс жүйесінің бұзылуы, хромосомалық мутациялар, сондай-ақ ұрықтың көптеген ақаулары.
Зерттеулер мүмкіндігінше дәл болу үшін диагностикалық медициналық жабдықтар үнемі жаңартылып отырады.
Мәселен, өткен жылы «Дельфия-Виктор» көп функционалды анализаторы жаңартылып, орталыққа жоғары санаттағы екі ультрадыбыстық аппарат сатып алынды. Ал аудандық және қалалық емханаларда жүкті әйелдерді скринингтен өткізу үшін бірте-бірте жоғары сападағы УДЗ аппараттары алынуда.
Мұндай жабдықта жұмыс істеу үшін үнемі біліктілікті арттыру курстары өткізіледі.
– Облыстық бюджеттен бөлінген 24 миллион теңгеге өткен жылдың желтоқсан айында 18 маман УДЗ диагностикасы бойынша Қазан қаласында екі аптаға оқуға жіберілді, – деді бөлім басшысы. – Сонымен қатар Екатеринбург мамандары Павлодар перинаталдық орталығының базасында 30 акушер-гинеколог пен акушерлерге арналған арнайы сабақтар жүргізілді.
Айта кетейік, ағымдағы жылы жаңа туған нәрестелермен жұмыс істейтін 30 неонатолог және 15 реаниматолог медбикенің біліктілігін арттыру жоспарланған.