Павлодарлық діни сайт үздік атанды

Павлодарлық діни сайт үздік атанды
Фото: muftyat.kz

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қорытынды төралқа мәжілісі барысында «Мүфтият үздігі – 2023» номинациясымен марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Muftyat.kz хабарлауынша, салтанатты іс-шараға бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, 31 номинация бойынша асыл дініміздің абыройын асқақтатуға,  қоғамды ізгілендіруге сүбелі үлес қосқан, ҚМДБ бекіткен бағыттар бойынша үздік нәтижелер көрсеткен, әрдайым сауапты істерге белсенді атсалысқан, халқымыздың ынтымақ-бірлігін нығайтуға себепкер болып, қайырымдылық іс-шараларға демеушілік жасаған, қолдау көрсеткен, руханият пен ихсан ілімінің халықтың арасында кеңінен таралуына ықпал еткен, білімге деген құштарлығы мен ықыласын көрсетіп, жыл қорытындысы бойынша ең үздік нәтижелер көрсеткен жандарды марапаттады.  

Олардың ішінде Павлодар облысының Mazhab.kz сайтының ұжымы «Үздік діни сайт» аталымына ие болды. Сондай-ақ  Рүстем Дәулетов  «Үздік ұстаз»,  Гауһар Жұмағалиқызы  «Үздік есепші» аталымдарына лайық деп танылды.

– Әрине, бәріміз Алла үшін қызмет етеміз. Еңбектің ескерілгені де жақсы. Бұл марапат дін қызметкерлеріне ерекше күш пен жігер сыйлайды деп есептеймін. Аллаға шүкір, діни қызмет аясында жариялаған «Ислам және ізгі қоғам» жылында сіз болып, біз болып, ауқымды шараларды бірге атқардық. Жалпы халық арасында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының оң имиджін нығайтуға қосқан үлесі үшін бірнеше қызметкерімізді арнайы марапаттап отырмыз, – деді ҚМДБ төрағасы.

Еске сала кетейік, дін мен діл, тіл мен мәдениет, дәстүр мен салттың тазасын тұтынып, қасиетті Ислам руханиятының кәусар бұлағынан қанып ішкісі келген қауымға бағыт беретін Mazhab.kz діни-танымдық порталы  2015 жылы іске қосылған болатын.