Павлодарлық кинология қызметінде неміс овчаркалары неліктен сұранысқа ие?
Олар төзімді әрі жылдам келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің кинологиялық орталығы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтардың бетін ашу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінде орталықта 16 қызметтік ит бар. Олар есірткі мен жарылғыш заттарды анықтауға, із кесуге, жоғалған адамдарды табуға және жедел-іздестіру шараларына қатысады.
Павлодар облысы полиция департаментінің инспекторы-кинологы, аға лейтенант Дамир Бейсенбаевтың айтуынша, орталықтағы жұмыс күні таңертең жануарларға күтім жасаудан басталады.
– Алдымен иттерді тамақтандырып, су береміз, қораларын тазалаймыз. Одан кейін, әртүрлі нысандарда тексеру жұмыстарын жүргіземіз. Қалған уақытта арнайы дайындық сабақтары өтеді. Жаз мезгілінде күннің ыстығына байланысты оларға түсетін салмақ азайтылады, – дейді маман.

Кинологиялық орталықтағы төрт аяқты көмекшілер бірнеше бағыт бойынша мамандандырылған. Олардың қатарында бельгиялық және неміс овчаркалары, сондай-ақ лабрадорлар бар. Әр тұқымның ерекшелігі ескеріліп, белгілі бір міндет жүктеледі.
Биыл олардың көмегімен облыс аумағында 100-ден астам қылмыс ашылған. Оның 40-ы есірткі заттарын анықтауға қатысты. Бұл бағытта бельгиялық овчарка Буран жоғары нәтижелерімен ерекшеленіп отыр.
– Буран – ең белсенді жануарлардың бірі. Ол жедел-іздестіру шараларына жиі қатысып, түрлі есірткі заттарын табуға көмектеседі, – дейді Дамир Бейсенбаев.
Ал неміс овчаркалары негізінен іздестіру жұмыстарына тартылады. Олардың көмегі әсіресе жоғалып кеткен адамдарды, оның ішінде балаларды іздеу кезінде аса маңызды. Баланың киімі немесе жеке затынан алынған иіс арқылы үйретілген жануарлар оның жүрген бағытын анықтап, іздеу шараларының нәтижелілігін арттырады.

Орталықта әр ит тек бір бағыт бойынша даярланады. Кинологтардың пікірінше, бір жануарды бірнеше міндетке қатар бейімдеу оның тиімділігіне кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан олардың әрқайсысына нақты мамандану бағыты белгіленеді.
Төрт аяқты көмекшілерді үйрету ерте жастан басталады. Бір-екі айлық күшіктер алдымен адамдарға, қоғамдық орындарға және көлікке бейімделеді. Осы кезеңнен кейін ғана арнайы дағдыларды меңгеруге кіріседі. Дегенмен, әрбір күшік қызметтік бағытқа жарай бермейді. Кейбірінде қажетті қабілет жеткіліксіз болса, енді бірінде жұмысқа деген қызығушылық төмен болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта облыстық кинологиялық қызметінде маман да, үйретілген жануарлар да жеткілікті. Орталық ұжымы сенімді серіктерімен бірге өңірдегі қоғамдық тәртіпті сақтауға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күн сайын өз үлестерін қосып келеді.