Павлодар облысында проблемалық алимент саны азайды
Алимент бойынша жалпы берешек 865 миллионнан астам теңгені құрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық Әділет департаментінің басшысы Маржан Имятова мәлім етті.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда Павлодар облысы бойынша 14 мемлекеттік сот орындаушысы және 90 жеке сот орындаушысы қызмет атқарады. Олардың орындауында 218 461 атқарушылық іс жүргізу бар.
– Оның ішінде алимент өндіріп алу 16 135 ісі болса, оның 8 912-сі мерзімді орындауда, ал 6 871 алимент алушы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар болып табылады, – дейді Маржан Имятова. – Тәжірибе көрсеткендей, осы бағыттағы орындау сапасы жыл сайын жақсарып келеді. Өйткені, сот орындаушылары мен халықты жұмыспен қамту орталықтары 3 айдан астам алимент бойынша берешегі бар жұмысқа орналастырылмаған борышкерлер үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін ұйымдастырады.
Сондай-ақ, аймақтық округте Павлодар, Екібастұз қалаларының тәжірибелі жеке сот орындаушылары қатарынан «алименттерді» өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды орындауға бағытталған қызметті жүзеге асыруға ниет білдірген мамандандырылған топ бар. Арнайы топ құрылған сәттен бастап оң өзгерістер байқалады.
– Жыл басынан бері әділет департаментімен 99 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – дейді департамент басшысы. – Сонымен қатар, қылмыстық жауапкершілікке 6 борышкер тартылды. Алимент бойынша жалпы берешек 865 535 830 теңгені құрайды. Алимент бойынша берешектің артуына қарамастан, проблемалық алимент саны азайды.
Оған қоса, алимент бойынша атқарушылық іс жүргізуді орындау шеңберінде тұрақты негізде Павлодар облысының полиция департаментімен және жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасымен бірлесіп рейдтік іс-шаралар өткізіледі. Оның шеңберінде жыл басынан бері үш автокөлік құралы арнайы тұраққа қамалды.
Ағымдағы жылдың басынан бастап Азаматтарға "Өндіріп алушының өтініші бойынша атқарушылық іс жүргізуді қозғау" бойынша 112 мемлекеттік қызмет көрсетілді, бұл мемлекеттік қызмет электрондық үкімет порталы арқылы қағаз түрінде де, электрондық форматта да көрсетіледі.
Спикер азаматтарға ыңғайлы болу үшін берешекті өтеу бойынша қосымша сервистер құрылғанын атап өтті. Берешекті мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде және қоғамдық орындарда орнатылған терминалдар, сондай-ақ Каспий банкі мен Қазпошта мобильді қосымшалары арқылы онлайн режимде төлеу мүмкіндігі берілді.
Берешек толық өтелген кезде атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі шоттан қамауды автоматты түрде алып тастайды және шығуға тыйым салуды жояды.
Сонымен қатар, 2023 жылы Digital bridge халықаралық форумында Әділет министрлігі атқарушылық іс жүргізуді қозғау жөніндегі роботты таныстырғанын атап өткен жөн. Пилоттық жоба 18 қаңтардан бастап Тараз қаласы бойынша берешекті төлеу қажеттілігі туралы борышкерді хабардар ете отырып, сот орындаушысының қатысуынсыз атқарушылық іс жүргізуді автоматты түрде қозғау бойынша іске қосылды. Робот 10 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл өндіріп алады. Бұл азаматтардың жеке сот орындаушы қызметтерінен, қағаз жұмыстарынан толық бас тартуға және адами факторды алып тастауға оң әсер етеді.