Павлодарда үш ауданның партиялық жұмыс қорытындылары тыңдалды

Павлодарда үш ауданның партиялық жұмыс қорытындылары тыңдалды
Фото: «AMANAT» партиясының облыстық филиалы

Бірмандаттық депутаттардың бюро алдында есеп беру кестесі бекітілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«AMANAT» партиясының облыстық филиалында саяси кеңес бюросының отырысы өтіп, онда Май, Ертіс және Баянауыл аудандық филиалдарының атқарушы хатшылары  сөз сөйледі.

Ертіс аудандық филиалының атқарушы хатшысы Гүлвиза Қалижанова жыл басынан бері филиалға 342 өтініш түскенін мәлімдеді. Оның 66 пайыздан астамы оң шешімін тапқан, қалғандары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілген. 105 қабылдау өткізіліп, 336 адамға көмек көрсетілді. Сайлауалды бағдарламаны іске асыру аясында ауданда 35 көрсеткіш белгіленген: оның 19-ы орындалған, 16-сы жүзеге асырылу кезеңінде. Тәуекелдер жоқ, жыл соңына дейін барлық міндеттемелерді толық орындау жоспарлануда.

Май аудандық филиалының атқарушы хатшысы Серік Сұлтанов партияның сайлауалды бағдарламасына кіретін нысандар бойынша бақылау жұмысы белсенді жүргізіліп жатқанын атап өтті. Аудандағы бірнеше мектепте жөндеу жұмыстары аяқталды, Көктөбе ауылында заманауи техникамен жабдықталған жаңа өрт сөндіру пункті пайдалануға берілді. Есепті кезеңде 73 қабылдау өткізіліп, 248 өтініш қаралды.

Баянауыл ауданы бойынша Қуаныш Шалбаев ауқымды инфрақұрылымдық жаңғырту жұмыстары туралы баяндады. Майқайың кентінде дәрігерлік амбулатория мен үш мектеп жөнделді, кіреберіс және ішкі жолдар жақсартылды. Бірнеше ауылдағы ауызсу жүйесі 96–100 пайызға орындалған. Барлығы 320 азамат қабылданып, олардың 181 өтініші оң шешілген.

Облыстық филиалдың төрағасы Асылбек Туғанбай жаңа мүшелерді партияға қабылдау жұмысын күшейту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ барлық деңгейдегі депутаттарға халық алдында есеп беру кездесулерін тоқсан сайын кемінде бір рет өткізіп отырудың маңызын еске салды.