Павлодар облысында резидентураға қырыққа жуық грант бөлінді

Павлодар облысында резидентураға қырыққа жуық грант бөлінді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Биыл резидентураға қабылдау үдерісінде жаңа цифрлық жүйе енгізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында 2026-2027 оқу жылына жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентура бағдарламасында білім алуға 36 грант бөлінді. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

–  Конкурс алғаш рет резидентураның цифрлық платформасы арқылы өткізіледі. Жаңа жүйе құжат қабылдау, конкурстық іріктеу және талапкерлерді рейтинг бойынша автоматты түрде саралау сияқты негізгі процестерді автоматтандыруға мүмкіндік береді, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасында.

Құжаттар электронды форматта residency.kz мамандандырылған порталында орналасқан PLATONUS цифрлық платформасы арқылы қабылданады. Құжат тапсыру мерзімі – 12-17 тамыз аралығы.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, грант иегерлерімен келісімшарт жасалады. Құжатқа сәйкес, резидентураны аяқтаған мамандар мемлекеттік медициналық ұйымдарда бес жыл жұмыс істеуге міндетті.

Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрлігі резидентураға мемлекеттік тапсырысты орналастыру, оқуға қабылдау және медициналық кадрларды даярлау қағидаларына өзгерістер енгізді. Биылғы цифрландыру қабылдау процесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған.