Павлодар облысында тағы бір ер адам суға батып кетті
Іздеу жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 15 тамызда Павлодар ауданында, Сычевка ауылының маңында 1979 жылы туған ер адамның Ертіс өзенінде шомылу кезінде суға батып кеткені туралы хабарлама түскен. Оқиға шомылуға тыйым салынған жерде болған.
Іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізуге Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаментінің, жедел-құтқару жасағының, орман шаруашылығының және полиция департаментінің күштері жұмылдырылды.
Павлодар қаласынан оқиға орнына эхолотпен жабдықталған моторлы қайығы бар бір техникамен төрт құтқарушыдан тұратын сүңгуірлер тобы жіберілді.
Іздеу-құтқару жұмыстарының алғашқы күнінде моторлы қайықтың көмегімен өзеннің оң және сол жағалауларындағы 11 шақырымға жуық арна көзбен шолып тексерілді. Эхолоттың көмегімен Ертіс өзенінің шамамен 5 мың шаршы метр түбі зерттелді. Сонымен қатар, құтқарушылар жағалаудың 5 шақырымын жаяу тексерді. Сүңгуірлер сегіз рет суға түсті.
16 тамыздан бастап іздеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жерге сүңгуірлер тобы жіберілді. Олар белсенді іздестіру жұмыстары аяқталғанға дейін сол жерде болады.
Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарға шомылуға тыйым салынған және жабдықталмаған жерлерде суға түсу өмірге қауіп төндіретінін ескертеді. Шомылу үшін тек ресми түрде рұқсат етілген орындарды таңдап, судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет.
Еске сала кетейік, 11 тамызда таңертең Павлодар қаласының орталық жағалауында 2007 жылы туған ер адам суға шомылу барысында батып кетті. Құтқарушылар ер адамның денесін 13 тамызда Жаңаауыл ауылының маңынан тапты.