Павлодар облысында тегін медициналық көмектің жаңа моделі енгізілуі мүмкін
Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында Президенттің Жолдауы талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы әкімінің қаржы салалары мен әлеуметтік қорғауды жетілдіру бойынша орынбасары Дәурен Жамбайбек Мемлекет басшысының Жолдауы бойынша өз құзыреті шеңберіндегі үш негізгі бағытты атап өтті.
Біріншісі – бюджет саясаттың тиімділігін арттыру және салық заңнамасын жетілдіру болса, екіншісі – мемлекеттік жекешелік әріптестікті дамыту және соңғысы халықтың денсаулығын нығайту болып табылады.
– Бюджет саясатының тиімділігін іске асыру үшін шығыстарды стратегиялық, бюджеттік және инвестициялық шолу, басымдықты анықтау жалғасатын болады. Ағымдағы жылдың соңына дейін бюджетті қалыптастыру және нақтылау процесін цифрлық форматқа ауыстыруды аяқтау қажет, – деді Дәурен Жамбайбек.
Оның сөзінше, бюджетті бағалаудың жаңа нысаны – облыстық тексеру комиссиясының бюджетті қалыптастыру және нақтылау кезеңінде алдын ала тексеру жүргізуі. Сондай-ақ, өтемақылы тетік енгізіледі. Оның шеңберінде республикалық бюджеттен субвенциядан қоса алғанда барлық көздерден ай сайынғы теңгерімді қаржыландыруды қамтамасыз ету, шығыстарды ағымдағы айдан келесі айларға ауыстыруды тәжірибесін мейлінше азайту, ағымдағы кезеңнің қаражатының толық игерілуін қамтамасыз ету қарастырылған.
Екінші бағыт бойынша мемлекет пен инвестордың мүдделері арасындағы теңгерімнің сақталуын қамтамасыз ететін озық халықаралық тәжірибе негізінде мемлекеттік жекешелік әріптестік жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Қолданыстағы заңнаманың проблемалық сипаттағы мәселелерін шешу бойынша ұсыныстар жолданды.Талқылау 1 қазанға дейін аяқталуы тиіс.
– Мемлекеттік жекешелік әріптестік арқылы жалпы сомасы 4,7 миллиард теңгеге 18 нысанды қайта жаңарту және жөндеу жүргізілді, 105 бірлік көлемінде әртүрлі үлгідегі медициналық жабдық сатып алынды, – деді спикер.
ҚР Парламентінде медициналық көмек пакеттерінің жаңа моделі бекітілуде.
Бұл шара тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды қамтитын бірыңғай топтама қалыптастыруды көздейді.
Медициналық көмектің тиімділігін арттыру мақсатында 2025 жылдан бастап медициналық көмекке жүгінген Д, Е санатындағы тұлғалар және жұмыссыздар үшін МӘМС жарналарын төлеуді жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен жүзеге асыру жоспарлануда. Осы мақсаттарға 23 мыңнан астам адамды қамту үшін 1,7 миллиард теңге қарастыру қажет. 2025 жылы денсаулық сақтау министрлігінің бірыңғай ядросы – eHealth ақпараттық жүйеге біріктіру жоспарлануда.