Павлодар облысында скарлатинамен сырқаттанушылық төмендеді

Павлодар облысында скарлатинамен  сырқаттанушылық төмендеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде скарлатина бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, 2022 жылдың сегіз айында 210 жағдай тіркелген. Оның ішінде 208-і – бала, екеуі – жасөспірім. 2023 жылдың ұқсас кезеңінде 160 жағдай тіркелген, оның ішінде 157-і – бала, біреуі - жасөспірім, екеуі – ересек адам. Сырқаттанушылықтың 24%-ға төмендеуі байқалады.

– Скарлатинамен көбінесе үш жастан он жасқа дейінгі балалар ауырады. Дәрігерлер мұны балалардың иммундық жүйесінің жетілмегендігімен және балалардың инфекция көп тараған мекемелерге баруымен байланыстырады. Жасы 10-нан асқан балаларда, сондай-ақ ересектерде стрептококк инфекциясына төзімділік айтарлықтай төмендейді. Жаңа туған нәрестелер мен сәбилерде өмірдің алғашқы жылдарында скарлатина диагнозы өте сирек қойылады. Бұл қан жүйелеріне плацента арқылы түскен аналық иммундық жасушалардың болуымен байланысты, – дейді департаментте. 

Мамандардың айтуынша, скарлатина – негізінен балаларға тән және ауыр интоксикациямен, әл-ауқаттың нашарлауымен (бас ауруы, температураның көтерілуі, әлсіздік), тамақ ауруымен (бадамша бездердің қабынуы), ұсақ дақты бөртпе сияқты патологиялық белгілермен сипатталатын өткір жұқпалы ауру. Науқастардың тілі таңқурай түстес болып, лимфа түйіндерінің ұлғаюы байқалады.

Ауру көптеген іріңді асқынуларымен қауіпті. Науқастың терісінде қабыршақтану, ұсақ нүктелі бөртпе пайда болады. Инфекция көзі ауру адам немесе стрептококк инфекциясының тасымалдаушысы болуы мүмкін.

Бұл ауруға қарсы вакцинация жоқ. Арнайы емес алдын алу шараларына жұқтырған адамдарды оқшаулау жатады. Эпидемиологтар аурудың тасымалдаушысымен байланыста болмай, баланың иммундық жүйесін нығайтуға және жеке гигиенаны сақтауға кеңес береді.

Егер балалар ұжымында ауру өрши түссе, топ карантинге шығады, байланысқа түскен адамдарды медицина қызметкерлері жеті күнге медициналық бақылауға алады.

Егер отбасында скарлатинамен ауырған бала болса, оған жеке бөлме бөлу керек. Сондай-ақ күн сайын жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, дымқыл тазалау жүргізілуі тиіс. Науқасқа күтімді тек бір отбасы мүшесі жасауы керек, басқа адамдармен байланысын азайту маңызды. Науқастың қолданатын ыдыс-аяқ пен гигиена құралдары жеке болуы керек. Төсек-орын мен киімді бөлек жуу қажет.

Бала сауығып кеткеннен кейін бір ай бойы дәрігердің бақылауында болуы тиіс. Содан кейін қан мен зәрге қайтадан талдау жасалады. Ағзада патогендік бактериялар болмаған жағдайда науқас диспансерлік есептен шығарылады. Скарлатинамен ауыратын адамдардың көпшілігі қайтадан ауырмайтындығына қарамастан, пациенттердің 1-1,5%-ы тиісті клиникалық симптомдардың дамуымен қайта жұқтыруы мүмкін.