Павлодар облысында су басқан үйлердің саны екі есе өсті
ТЖД және жергілікті атқарушы орган күшімен 30 мың текше метрге жуық еріген су шығарылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 30 наурыз сағат 15:00-дегі жағдай бойынша Павлодар, Ақтоғай, Железин, Успен, Ертіс, Аққулы және Тереңкөл аудандарында су тасқынына қарсы 10 учаске бақылауда тұр.
– Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылында, Успен ауданының Успен және Вознесенка ауылдарында, Аққулы ауданының Қазы ауылында 15 тұрғын үй су астында қалды,– деді облыс әкімдігінің баспасөз қызметінде. – Су тасқынына қарсы барлық іс-шаралар мен еріген суды сорып шығару жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде.
109 желісі бойынша тұрғындардың шақыртуларына жергілікті атқарушы органдардан 57 сорып шығару техникасы, 103 мотопомпа және 341 адам жұмылдырылды. Таңғы сағат 9:00-ден бастап 29 811 текше метр еріген су шығарылды, 160 тонна инертті материал төгілді.
Облыс бойынша су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізу үшін 200 адам, 84 арнайы техника, 20 мотопомпа, 2 жүзу құралы жұмылдырылды.
Қазіргі уақытта Асайын Байханов Ақтоғой ауданына келіп, су тасқынына қарсы іс-шаралар жөніндегі жедел штабты басқаруда.