Холи, ретро автомобильдер шеруі өтті: Екібастұзда қала күні аталып өтуде
Мерекелік бағдарлама күні бойы жалғасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Іс-шаралар Кеншілер саябағында басталды. Қолөнершілер өз бұйымдарын көрмеге ұсынып, жас суретшілер мольберттерде ақ қағазға өз бейнесін салдыруға ниет білдірген тұрғындардың портреттерін бейнеледі.
Алтынай Ахметова бірнеше жылдан бері барқыт матадан ойыншықтар тоқумен айналысады. Сүйкімді қояндар, аюлар мен иттерді ойыншықтар немесе кілттерге салпыншақ ретінде сатып алуға болады.
– Барлық ойыншықтар экологиялық таза материалдардан жасалған, оларды тіпті сәбилер үшін де қорықпай алуға болады, – деді қолөнерші.
Ағаш ойыншықтарды ұнататындар үшін «Greental» ағаш шеберханасының өнімдері де қойылды. Бұл шеберхана әлеуметтік жоба аясында жұмыс істейді. Жұмысшылардың мүмкіндігі шектеулі жандар.
- Бүгін Қала күніне орай ойыншықтар әкелдік, сонымен қатар балалар жиһаздарын, тренажер-балансир және басқа да заттар шығару жоспарымызда бар. Біздің екі цехымыз бар, бірі – Қарағандыда, екіншісі – Екібастұзда, – деді қызметкерлердің бірі Рүстем Қорғанбаев.
«Жастар FEST» мерекенің көркін қыздыра түсті. Екібастұз жастар бастамаларын дамыту орталығының жетекшісі Марал Қарағасекованың айтуынша, қала жастары саябақта шығармашылық Арбат, көркемөнер шеберханасын ұйымдастырды. «Жастар FEST» Холи бояулары фестивалін өткізді.
– Холи бояулары ұнтақ түрінде болады, улы емес және оңай жуылады. Жай жинап, бір-біріне шашуға болады. Түрлі-түсті бояулар керемет көңіл күй сыйлайды. Бұл ойын-сауық бізге Үндістаннан келген, – деді Марал Қарағасекова.
Жас суретшілерді мерекеге «Дизайн PRO» өнер және шығармашылық мектебінің жетекшісі Юлия Овчинникова әкелді.
– Біздің оқушылар сурет салуға және өз шеберліктерін көрсетуге келді. Бүгін саябақта биылғы түлектер жұмыс істейді. Олар қалалық іс-шараларға үнемі қатысады, сондықтан кез келген жағдайда сурет сала алады. Оларды адамдар да, музыка да алаңдатпайды, – дейді мектеп жетекшісі.
Саябақта гитаристер, хореографиялық ансамбльдер, жергілікті вокалистер танымал әндерді орындады.
Сонымен қатар Қала күніне арналған ретро автомобильдер шеруі өтті. Жеті көлікті «Drive» автокөлік жүргізушілері клубының мүшелері басқарды. Шерудің ең кішкентай қатысушысы – кеңес дәуіріндегі ойыншық педальді «Москвич».
– Көліктердің ішіндегі ең көнесі – алпыс жылдан асып кеткен Газ-21 маркалы «Волга». Одан кейінгісі – ГАЗ-69, – деді шеруді ұйымдастырушылардың бірі Фархат Абзалов.
Өз күші мен ептілігін тексергісі келетіндер үшін үш салмақ дәрежесі бойынша армрестлинг, көңілді старттар, қалашықтар ойыны, арқан тарту ойындары ұйымдастырылды. Кәсіпқойлар үшін киокушинкай-каратэ, шағын футболдан турнирлер өтті.
Жаттықтырушы Дарья Гончарова 2018 жылға дейін велоспорттан Қазақстан чемпионы атағының иегері болған. Қазір ол балаларды жаттықтырады және болашақ чемпиондарды тәрбиелейді.
Кешке «Өнер» мәдениет үйі алаңында қазақстандық жұлдыздардың қатысуымен концерттік бағдарлама өтеді. Мереке түрлі-түсті отшашумен аяқталады.
Фото: Құралай Шаяхметова