Павлодар облысында су тасқыны қаупі бар аудандар қандай?
Өңірде су тасқынына дайындық жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Қайрат Шаймерденов мәлімдеді.
– Облыстық «Қазгидромет» филиалының болжамына сәйкес, бүгін облыс аумағында топырақтың ылғалдылығы мен тоң қабаты нормадан асып отыр. Жыл басынан бері түскен жауын-шашын мөлшері 103 мм құрап, нормадан 39 мм-ге артық және өткен жылдың көрсеткішінен 69 пайызға көп. Ең көп жауын-шашын Ертіс, Май, Железин, Шарбақты, Ақтоғай, Успен аудандарында және Павлодар қаласының ауылдық аймақтарында тіркелді, – деді Қайрат Шаймерденов.
Оның айтуынша, топырақтың тоң қабаты 146 см-ге жетіп, өткен жылдың деңгейінен 34,4 жоғары. Ең терең тоң қабаты Шарбақты, Успен, Тереңкөл және Ақтоғай аудандарында байқалған. Қар жамылғысындағы су қоры нормадан 11,9 пайызға артық болып, 60-64 мм құрайды. Мұз қабатының қалыңдығы 22 мм-ге жетуі еріген судың сіңуін қиындатуы мүмкін.
– Наурыз айында ауа температурасы -3…-8°C пен 6…9°C аралығында болады, бұл өткен жылмен салыстырғанда бір градусқа жоғары. Жауын-шашын мөлшері нормадан артық болады. Жердің жоғары ылғалдылығы, топырақтың терең тоңдануы және қардағы су қорының көп болуы су тасқыны қаупін күшейтеді, – деп атап өтті ол.
Облыс үш қауіп санатына бөлінген:
• Жоғары қауіп: Баянауыл, Ертіс, Ақтоғай, Железин, Тереңкөл аудандары;
• Орташа қауіп: Май, Аққулы, Шарбақты аудандары, Ақсу қаласы және оның ауылдық аймағы;
• Төмен қауіп: Успен және Павлодар аудандары.
Қазіргі уақытта 2 000-нан астам үйі бар және он мыңнан аса халқы бар 58 елді мекен су тасқынына ықтимал деп есепке алынған.
Павлодар облысында су тасқыны екі кезеңге бөлінеді: еріген судан және өзендерде су деңгейінің көтерілуінен. 28 елді мекен өзендердегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты қауіп аймағында. Сонымен қатар, екі ауыл – Шідерті және Шиқылдақ – Сәтбаев бөгетінің зақымдануы жағдайында су тасқынына ұшырауы мүмкін.
Су тасқыны жағдайы күрделенген жағдайда әрекет ету үшін ТЖД тарапынан энергетика, жол және көпір, инженерлік және көлік қызметтерінен құралған күштер мен құралдар тобы жасақталды. Жалпы саны 1 871 адам, 769 бірлік инженерлік және арнайы техника, 21 жүзу құралы және 357 мотопомпа дайын.
Облыс бойынша 47 мыңнан астам қап, 53,7 мың тонна инертті материал, 155 тонна жанар-жағармай қоры дайындалды. Сондай-ақ 80 тамақтандыру туралы ниет шарты және Ертіс пен Сілеті өзендерінде (Аққулы, Май, Ақтоғай, Тереңкөл аудандары, Ақсу қаласы) жарылыс жұмыстарын жүргізуге бес шарт жасалды.
Су тасқыны жағдайы ушыққан жағдайда халықты қабылдауға арналған сыйымдылығы 22 745 адам болатын 60 эвакуациялық пункт дайындалды.
Су тасқыны кезінде жануарларды қорғау қызметі ауыл шаруашылығы жануарларын қауіпсіз айдау алаңдарына айдап көшіруді, ал әлсіреген жануарларды арнайы автокөлікпен тасымалдауды жүзеге асырады.