Павлодарлықтар сұрапыл апат құрбандарын еске алып, көшет отырғызды

Павлодарлықтар сұрапыл апат құрбандарын еске алып, көшет отырғызды
Фото: @maidanzholy

Павлодар ауданында 40 қарағайдан тұратын аллея пайда болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде мыңдаған тағдырды өзгерткен Чернобыль апатының 40 жылдығы атап өтілді. Тарихи естелікті сақтауға бағытталған жиынға 10-нан астам үкіметтік емес ұйым өкілдері, ардагер-ликвидаторлар мен жастар қатысты.

Еске алу шарасына ұрпақтар сабақтастығын насихаттап жүрген «Майдан жолы» павлодарлық іздестіру-зерттеу жасағының мүшелері де атсалысты. Қатысушылар алдымен Ефремовка орта мектебінің музейіне барып, 1962 жылы табылған салмағы 21 келілік бірегей «Ефремовка» метеоритінің тарихымен танысты.

Мұнан соң Юрий Гашек қонысында апат құрбандарының құрметіне митинг ұйымдастырылды.

Шараның практикалық бөлімінде тіршілік символы ретінде 40 түп қарағай егілді. Қатысушылар көшеттерді күтіп-баптау үшін арықтар қазып, тамшылатып суару жүйесін дайындады.

Еске алу күні құрмет пен үміт атмосферасындағы концерттік бағдарламамен аяқталды. Жиналғандар қаза болғандарды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.