Павлодар облысында суда көз жұмғандардың саны екі есе артқан
Өңірде биылғы шомылу маусымында 11 адам суға батқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Темірлан Жапалбайдың айтуынша, ағымдағы жылы шомылу маусымында 11 адам суға батып, көз жұмған, оның ішінде екеуі – бала. Бұл көрсеткіш – өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп.
– Өткен жылдың осы кезеңінде алты адам, оның ішінде үш бала суға батып кетті. Биыл бір факті рұқсат етілген жерде, атап айтқанда, орталық жағажайда орын алды. «Коммунсервис» КМК-ға қатысты жоспардан тыс тексеріс ашылып, әкімшілік ҚР ӘҚБтК-ның 412-бабы бойынша хаттама толтырылды. Мекемеге айыппұл салынып, кемшіліктерді жою туралы ұсыныс берілді, – деді Темірлан Жапалбай.
Ең соңғы орын алған қайғылы жағдай өзен портында тіркелді.
– Тамызда сол жерде әйел суға батты деген хабарлама түскеннен кейін іздеу жұмыстары жүргізілді. Ерлі-зайыптының қайықта отырғаны анықталды. Бір уақытта әйел қайықтан суға құлап, батып кетті. Оқиғаның нақты мән-жайы әлі белгісіз. Бұл мәселемен полиция айналысып жатыр, сот медициналық сараптама жүргізілуде, – деді Темірлан Жапалбай.
Айта кетейік, жедел құтқару жасағының қызметкерлері мейірімді тұрғындармен бірге судан сегіз адамды құтқарды, оның ішінде біреуі – бала.