Екібастұзда Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының муралы пайда болды

Бұл – қалада салынған екінші үлкен граффити, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақ ақыны, ойшыл, этнограф, шығыстанушы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлына арналған монументалды кескіндеме Мәшһүр Жүсіп көшесі, 71 мекенжайы бойынша салынды.
– Қабырға бетіне салынған мұндай ірі көлемді өнер туындылары тұрғындардың көңілінен шықты. Сондықтан шаһардың сәулет құрылыстарының қабырғаларында кескіндеме салу жұмыстарын жалғастырамыз. Муралдар қоғамдық кеңістікті безендіру элементі ғана емес, сонымен қатар тәрбиелік мәнге ие, – дейді Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин.
Бұған дейін Бауыржан Момышұлы көшесі, 42 мекенжайы бойынша орналасқан үйдің қасбетін көркем бояу бойынша жұмыстар аяқталған. Көпқабатты тұрғын үйдің қабырғасында аты аңызға айналған даңқты батыр Бауыржан Момышұлының суреті бейнеленген. Келесі кезекте Сәтбаев көшесі, 37/1 мекенжайын қамту көзделіп отыр.
2025 жылы муралдарды салуға жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген. Мердігер ұйыммен 39,2 млн теңгеге келісімшарт жасалған. Мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша «EMD-group» ЖШС-мен шартқа қол қойылған. Тоғыз көпқабатты үй мен 641 шаршы метр қоршауда көркем кескіндеме жұмыстары жоспарланған.
Айта кетерлігі, биыл кеншілер қаласында кем дегенде бес мурал салу көзделіп отыр.