Павлодар облысында шыбын-шіркеймен күресу әдістері күшейтіледі
Облыстық және аудандық мердігерлердің жұмысы үйлестіріліп, қатаң бақылауда болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыс барысында алдағы дезинсекциялық науқанға дайындалу мәселелері талқыланды. Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаева өткен жылы шыбын-шіркеймен күресу жолдары мен тәсілдері өз нәтижесін бергенін атап өтті. Ғылыми сүйемелдеу мен мердігердің жұмыла жасалған жұмысы арқасында, барлық жасалған жұмыстардың тиімділігі 90%-ға жуық болды. Облыстық деңгейде өткізілген конкурс нәтижесінде «ВикЛТД» ЖШС мердігер болып анықталды. Ғылыми сүйемелдеу бойынша «Биосфера» ЖШС ғылыми - өндірістік кәсіпорнымен шарт жасалды.
– Осы көктемде Ертіс өзенінің жайылмасында әуе, өзен және тосқауыл өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Биылғы жылы әуеден өңделетін алқаптың жалпы ауданы 127 мың гектарды құрайды. Бұл Павлодардың жағалау аймағын, Ақсу, Ақтоғай және Тереңкөл жайылмаларын қамтиды, сондай-ақ, алғаш рет Ертіс және Павлодар аудандарының да жайылмалары өңделеді. Павлодар ауданына баса назар аударылды: мұндағы барлық 38 ауыл шыбын-шіркейге қарсы өңделетін болады,– деді Әйгерім Қабылтаева.
Сондай-ақ, «АН-2» маркалы 8 ұшақ қолдану жоспарлануда. Биылдан бастап Ертіс өзенінің негізгі арнасының 1800 шақырымы үш рет өңделеді. Қосымша Белая, Подстепка, Теплая, Тюлька, Таллинка, Каратунь, Орловка арналары да кіретін болады.
– Павлодарда көпірден Усолка шағын ауданына дейінгі жағалау бойындағы масалар мен шіркейлердің дернәсілдері жойылады. Сондай-ақ, дезинсекция жұмыстарымен жағалау бойында орналасқан төрт ауданның 59 ауылы қамтылады. Бұл жаңа тәсіл жүргізіліп жатқан жұмыстарды үйлестіру мақсатында енгізілді. Әсер етуші заттарына шыбын-шіркейлердің төзімділігі қалыптаспаған көп компонентті жаңа препараттарды қолдану көзделуде. Препараттар денсаулық сақтау министрлігінде тіркелген, сәйкестік сертификаты бар және адамдарға мүлдем зияны жоқ,– деп атап өтті басқарма басшысы.
Асайын Байханов шыбын-шіркейдің халықтың наразылығын тудырған кезеңдерін еске түсіріп, алдағы уақытта қансорғыштармен қарсы күресу жұмыстарын күшейту керектігін айтты.
– Шыбын-шіркей 2020 жылы павлодарлықтар қолайсыздығын тудырған болатын. Кейбір жылдары тіпті далаға да шығу мүмкін болмады. Сондықтан да, өткен жылдағы тәжірибені ескере отырып, ғылыми тұрғыдан тәжірибені жетілдіру қажет. Ғылыми көзқарас күрес стратегиясын, мерзімдерін , оң нәтижеге әсер ететін көптеген факторларды анықтайды,– деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы өңделетін аумақтың өсуіне байланысты жұмылдыратын күшті де екі есе арттыру керектігін айтты. Ол алгоритмге сәйкес дезинсекциялық іс-шараларға жоспарлы дайындықты қамтамасыз етуді және барлық өңірлерде шыбын-шіркеймен күреске барлық дайындық іс-шараларын бір апта мерзімде аяқтауды тапсырды.