Павлодар облысында судағы жазатайым оқиғалар көбейіп келеді
Өткен демалыс күндері аймақта үш адам суға батып, біреуі қайтыс болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, тұрғындар жаппай су айдындарына бара бастағаннан кейін судағы жазатайым оқиғаларға байланысты шақыртулар саны артқан. Өткен сенбі күні Павлодар қаласында көмек 15 жастағы қыз балаға қажет болды. Ол құтқару станциясы маңында өзенге тек аяғын сулау үшін кірген. Алайда құмға батып кетіп, тепе-теңдігін сақтай алмай суға құлаған. Құтқарушылар мен ақ желеңділердің жедел әрекетінің арқасында қыз бала аман қалды. Ол облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
21 маусым күні осыған ұқсас шақырту 103 қызметіне Баянауыл ауданынан түсті. Бұл жағдайда 1950 жылы туған ер адам Сабындыкөлге суға батып кете жаздаған. Оны судан жағаға куәгерлер шығарып алған. Алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін зардап шегуші аудандық ауруханаға жеткізілді.
Сол күні су маңында тағы бір жазатайым оқиға Шарбақты ауданында тіркелді. 1960 жылы туған ер адам тұзды көл жағасында демалып жүрген кезде өкпе ісінуіне ұшырап, үшінші дәрежелі комаға түскен. Алғашқы көмекті оған жергілікті медицина қызметкерлері көрсетті. Кейін ер адам жедел жәрдем бригадасына тапсырылып, аудандық ауруханаға жеткізілді. Өкінішке қарай, қабылдау бөлімінде науқас қайтыс болды.
- Статистика көрсеткендей, адам суға түсуді жоспарламаса да, жай ғана су жағасына барған кезде жазатайым оқиға орын алуы мүмкін, - дейді облыстық 103 қызметі басшысының орынбасары Ирина Мищенко. - Қатты ыстық пен суға түскен кездегі температураның күрт өзгеруі салдарынан созылмалы аурулар асқынып немесе кенеттен түйілу пайда болуы мүмкін. Әсіресе жабдықталмаған демалыс орындары мен су айдындарының түбі үлкен қауіп төндіреді.
Дәрігерлер тұрғындарды өз денсаулық жағдайын дұрыс бағалауға, су жағасындағы демалысты алкогольмен байланыстырмауға және балаларды, тіпті таяз суда да, бір сәтке болса да қараусыз қалдырмауға шақырады.