Павлодарда Ертіс суларын бағындырып жүрген ару балықшы құпияларымен бөлісті

Нәзік жанды балық аулаумен он бес жыл айналысып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Ольга Кочкуркина үшін балық аулау жай ғана хобби емес, өмірінің маңызды бөлігіне айналған. Ол табиғат аясында демалып, Ертістің толқынымен сырласу оның жан дүниесіне ерекше күш береді.
– Балық аулаумен 15 жыл бұрын әуестене бастадым. Сол кезде күйеу балама ілесіп, алғаш рет өз көзіммен көруге бардым. Есімде, кішкентай шабақ аулап алғанда қуанышымда шек болмады. Содан бері бұл іс менің шынайы махаббатыма айналды, – деді балықшы Ольга Кочкуркина.
Кейіпкеріміз алдымен қарапайым қармақпен балық аулап көрген. Кейіннен спиннингті меңгерген. Бүгінде барлық құралды пайдаланып, әрқайсысының ерекшелігін бағалауда.
– Әр құралдың өз қызығы бар. Қазір балық аулайтын қыз-келіншектер көбейіп келеді. Бұрын ер адамдардың тарапынан менсінбеушілік болса, қазір керісінше, тәжірибелерімен бөлісу үстінде, – дейді ол.
Жазда қармаққа шортан, ақжелкен түссе, күзде жыртқыш балықтар белсенді бола бастайды. Оның айтуынша, әр маусымның өз ерекшелігі бар.
– Балық аулауда дұрыс немесе бұрыс әдіс жоқ. Бүгін балықтың «көңіл-күйі» қызыл болса, ертең көк, ал арғы күні мүлдем болмайды. Әрқашан тәжірибе жасап, түрлі құралдарды сынап көру керек, – деп түсіндірді ол.
Сонымен бірге қауіпсіздікке ерекше мән беру керектігін алға тартты. Әсіресе бірнеше күнге шыққанда. Сондықтан да ол дорбаға барлық жағдайларды қамтамасыз ететін заттарды жинастырып жүру керектігін атап өтті.
Ольга балық аулау сәттерін алғашында тек өзіне естелік ретінде түсірген. Кейін оны көпшілікпен бөлісуге бел буған.
– Алғашында балық аулаудағы сәттерімді тек өзім үшін камераға түсіретінмін. Кейін YouTube арнасын ашып, көрермендерге балық аулаудың қуанышы мен қиындығын көрсетуді ұйғардым. Өйткені әйелдерге балық аулау кейде физикалық тұрғыда ауырлау – қайықты орнату, жүкті тиеу, лагерь құру, – дейді ол.
Ол жиі Ертіске жалғыз барып, бірнеше күндік ағынмен балық аулауға шығады. Оның айтуынша, сол кездерде жаны босаңсып, толық еркіндікті сезінеді.
Балықшы үшін бастысы – ауланған балық емес, үрдіс пен табиғаттың тыныштығы.
– Мен үшін нәтиже емес, үрдістің өзі маңызды. Қала у-шудан алыстап, табиғат аясында тыныштықты сезіну – нағыз бақыт. Ал егер балық ұстап алсам, ол – нағыз қуаныш, – деді Ольга Кочкуркина.
Әңгімесінің соңында ол: үйде отырмауды, жаңа нәрселерді байқап көруді, табиғаттан қорықпауды және өз күшіне сенуді ұсынады. Өйткені балық аулау – тек балық емес, жан еркіндігі.