Павлодар облысында тәртіп сақшылары жастармен ашық диалог алаңында жүздесті

Павлодар облысында тәртіп сақшылары жастармен ашық диалог алаңында жүздесті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұл жолы полицейлер Солнечный кентіне ат басын бұрды,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Солнечный кенті аумағында «Ауыл connection» жобасы аясында жастардың МАЭС-2 полиция бөлімінің басшысымен ашық кездесуі өтті. Іс-шара «Мүмкіндіктер алаңы» форматында ұйымдастырылды.

МАЭС-2 полиция бөлімшесінің бастығы Сабыр Құлтанов жастарды толғандырған барлық сұрақтарға жан-жақты жауап берді. Ашық диалог барысында қатысушылар кент аумағындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ішкі істер органдарындағы қызметтің ерекшеліктері мен артықшылықтары, ауыл жастары үшін тұлғалық және мансаптық даму мүмкіндіктері сияқты өзекті тақырыптарды талқылады.

Кездесу бейресми форматта өтті. Шара қатысушыларға пайдалы ақпарат алып, полиция басшылығына тікелей сұрақ қойып, еркін пікір алмасуға мүмкіндік берді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай диалог алаңдары жастар мен мемлекеттік және құқық қорғау органдары өкілдері арасындағы сенім мен өзара байланысты нығайтуға ықпал етеді.