Павлодар облысында «Тәуелсіздік ұланы» сыйлығына құжат қабылдау аяқталды
Байқау қорытындысы бойынша 100 жеңімпаз ақшалай сыйлық пен арнайы төсбелгіге ие болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, «Тәуелсіздік ұланы» бір реттік ақшалай сыйлығын тағайындау конкурсының облыстық кезеңіне құжат қабылдау аяқталды.
Облыстық кезеңге аудандық және қалалық іріктеуден өткен үміткерлердің портфолиолары ұсынылды. Құжаттарды қалалық және аудандық білім бөлімдері, мамандандырылған, арнайы, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары тапсырды.
Қатысушылар бес номинация бойынша сынға түседі: ғылыми-техникалық шығармашылық және оқу-зерттеу қызметі, кәсіби шеберлік, шығармашылық шеберлік, спорттық шеберлік, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар және қоғамдық қызмет.
– Конкурс екі кезеңде өткізіледі. Бірінші кезең – аудандық және қалалық, екінші кезең – облыстық қорытынды кезең, – деп хабарлады білім басқармасынан.
Жеңімпаздар Республика күні қарсаңында анықталады. Байқау қорытындысы бойынша 100 білім алушы «Тәуелсіздік ұланы» төсбелгісімен және 50 АЕК (216 250 теңге) мөлшеріндегі біржолғы ақшалай сыйақымен марапатталады.
Сыйлық тағайындалғалы Павлодар облысында 704 білім алушы марапатталған.