Павлодар облысының мектептерінде бірыңғай соңғы сынып сағаттары өткізілді
Оған барлық сынып оқушылары қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, 24 мамырда барлық мектептерде 2023-2024 оқу жылының қорытындысы жасалып, «Білім-Отаныма!» атты жалпы республикалық бірыңғай сынып сағаттары өткізілді.
Оған өңіріміздің барлық мектептерінің 1-10- сынып оқушылары қатысты.
Мерекелік тәрбие сағатында ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп оқушыларын, түлектерді, педагогтер мен ата-аналарды 2023-2024 оқу жылының аяқталуымен құттықтады.
Сынып сағатында Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалып, оқушыларға арналған құттықтаулар, балалардың жетістіктері туралы бейнероликтер көрсетілді.
Сынып сағатының мақсаты - білім алушылардың ұстаздың еңбегіне деген құрметін, білім алуға деген ұмтылысын және оқу жылындағы жетістіктерін шынайы бағалау қабілетін қалыптастыру.
Айта кетерлігі, ағымдағы оқу жылында 9-сыныпты – 10 778 оқушы аяқтады, бұл өткен жылдан 457-ге артық. 11-сынып түлектері - 4322, бұл өткен жылмен салыстырғанда 298-ге көп. 11-сыныптың мемлекеттік бітіру емтихандары 28 мамырдан 11 маусымға дейін 5 пән бойынша өтеді. 25 мамырда мектептердің 11-сынып түлектеріне арналған «Мектебім, саған мың алғыс!» іс-шарасы өткізіледі.