Павлодар облысында тұрғындар ХҚКО қызметіне неліктен разы емес?
Өткен жылы тұрғындардан елуден астам шағым түскен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық мемлекеттік қызмет істері департаменті мемлекеттік қызмет алу кезінде азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мақсатында сенім телефоны жұмыс жасайтынын еске салады.
Қызмет алған кезде проблемалық мәселелер, заңсыз бас тарту немесе тиісті деңгейде консультация ала алмайтын және қызметкерлерінің тарапынан ұқыпсыз қарым-қатынаспен кездесіп қалған адамдар департаментке апта сайын шамамен бес рет жүгінеді.
– 2023 жылғы наурыз айында азамат Мамандандырылған ХҚКО қызметкерлері жұмыс уақытында өз жұмыс орындарын тастап, түскі асқа кетіп қалғаны және бұл жағдай бойынша басшылық тарапынан ешқандай шаралар қабылданбағаны туралы шағым білдірген,– деді департаментте.
Тағы бір тұрғын Павлодар ауданының ХҚКО-да екі апта бойы кеңес беретін және қызмет көрсететін қызметшілердің жеткіліксіздігі себебінен қызмет алушылардың үлкен кезектері жиі пайда болатынын атап өтті. Жуырда ауыл азаматы Ертіс ауданының ХҚКО-да жер жобасын келісуді ұзақ күткені туралы шағымданды.
– Басқа жағдайда Павлодар қаласының № 2 емханасының қызметкері телефон арқылы емханаға тіркелу бойынша консультация берген кезде «біздің учаскемізге жатпайды, сіз қыркүйек айында ғана тіркеле аласыз» деген сөзбен бас тартқан болатын,– деді департаментте.
Барлық жағдайлар бойынша департаментпен азаматтардың құқықтарын қалпына келтіру және тиісті түсіндірме беру бойынша шаралар қабылданды.
Айта кету керек, өткен жылы сенім телефонына 150-ден астам адам әр түрлі сұрақтармен жүгінді. Оның ішінде ХҚКО-лардың мәселелеріне және қызметкерлердің іс-әрекеттеріне қатысты 52 арыз-шағым келіп түскен.