Павлодарда әскери қызметшілерге заманауи модульдік үлгідегі казармалар ашылды
Жаңадан салынған модульдік ғимараттар әртүрлі мақсатта қолдануға арналған бөлмелерден тұрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметінің мәліметінше, 5512 әскери бөлімінің әскери қызметшілері үшін модульдік үлгідегі заманауи казармалардың қызыл лентасын ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов пен «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев қиды.
– Бүгін біз модульдік үлгідегі жаңа казармалардың ғимараттарын салтанатты жағдайда аштық. 5512 әскери бөлімінде қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша жедел мақсаттағы батальон ғана емес, сонымен қатар арнайы мақсаттағы бөлімшелер де бар. Мұндай жаңашылдықтар алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов.
Жаңадан салынған модульдік ғимараттар әртүрлі мақсатта қолдануға арналған бөлмелерден тұрады. Атап айтқанда, модульдік казарма кезекші бөлмелерден, демалуға, оқ-дәрілерді, қаруды сақтауға, қаруды тазартуға, жеке броньды қорғаныс және белсенді қорғаныс құралдарын сақтауға арналған бөлмелерден құралған. Сондай-ақ, мұнда кезекші бөлімшенің демалыс, жатын бөлмелері, киім ауыстыратын, жуынатын бөлмелер, санитарлық торап, душ бөлмесі, спорт зал, жаттығу залы, жауынгерлік дайындық сыныбы, арнайы дайындық тактикасы сыныбы, ақапараттық-тәрбие сыныбы, киім-кешек пен аяқ киімді кептіруге арналған бөлме, қойма, автотехниканы сақтауға арналған бокстар бар.
Сондай-ақ салтанатты іс-шараға «Аналар жүрегі» комитетінің жетекшісі Лилия Хайруллина модульдік казарманың көңілінен шыққанын атап өтті.
– Біз балаларымыздың озық техникалармен жабдықталған осындай тамаша казармада тұратынына қуанып отырмыз. Ғимаратты аралап шықтым. Казарма өте жылы және жайлы екен. Осындай заманауи казармалар сарбаздардың алаңсыз қызмет атқаруы үшін жасалған, – деді Лилия Хайруллина.
Енді жедел полктің сарбаздары жиһаздары мен жабдықтары орнатылған жаңа модульдік ғимараттарда тұрады. Әр казарма 100 сарбазға арналған. Жаңа тұрғын үйлердің ерекшелігі көп: олар блокты-модульді, тікбұрышты типті және әрқайсысының ауданы 1200 шаршы метрді құрайды. Автотехникаларды сақтауға арналған бокстардағы еденнен төбеге дейінгі биіктік – кемінде төрт метр, қалған үй-жайлардың биіктігі – кемінде үш метр.