Екібастұзда Шығармашылық үйі салынады
Мемлекет басшысы кеншілер қаласына жұмыс сапары барысында Шығармашылық үйін салуды тапсырды, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
ҚР Президенті баспасөз қызметінің мәліметінше, қала тұрғындары мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау үшін алғыс айтып, Президенттен қаланы абаттандыру және әлеуметтік нысандар салу мәселесін көтерді. Атап айтқанда, Екібастұз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Рамазанов «Шахтер» саябағына күрделі жөндеу жүргізу қажет екенін айтты. Ал көпбалалы ана Аяна Смағұлова қалада балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, олардың жан-жақты дамуына арналған Шығармашылық үйін салып беруді сұрады.
Мемлекет басшысы тұрғындардың өтініштерін назарға алып, тиісті тапсырма беретінін жеткізді.
– Дұрыс айтасыз. Назарға аламыз. Қысқа уақытта Шығармашылық үйін саламыз. Жалпы, бізге ел көлемінде өскелең ұрпақтың игілігі үшін нысандарды көбірек салу керек. Спортпен айналысу керек екенін айтып жүрмін ғой. Балалаларды спортқа баулу керек. Бірақ ол үшін лайықты спорт алаңдары, стадиондар қажет. Тіпті, ондай спорт нысандар елорда да жетіспейді. Сондықтан әкімдер бұл мәселемен міндетті түрде айналысуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ қала тұрғындары үйлерін жылумен қамтамасыз етудің мән-жайы туралы сөз қозғады. Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы төтенше жағдай қайталанбауы үшін Үкімет тарапынан барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді.