Павлодар облысында вахтерды балағаттаған жасөспірімнің ата-анасы жауапқа тартылды
Аудандардағы ауылдардың бірінде колледж жатақханасында 15 жастағы кәмелетке толмаған жеткіншек вахтерге балағат сөздер айтқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған құқық бұзушылық үшін жасөспірімнің ата-анасы ҚР ӘҚБтК-нің 435-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ кәмелетке толмаған жеткіншекпен және оның заңды өкілдерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
– Жасөспірімнің заңды өкілдеріне 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Жыл басынан бері өңірде кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде болуының 343 фактісі анықталды. Барлық ата-аналар ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бибігүл Қамзина.
Сондай-ақ түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз болуына жол берген ойын-сауық орындарының 27 иесіне әкімшілік материалдар толтырылған.
Полицейлер балалардың түнде үйден тыс жүрмеу керек екенін ескертеді.