Павлодар облысында ветеринарлар жеткілікті
Биылдан бастап 10 шілдеде Қазақстанда ветеринариялық қызметкер күні аталып өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл күні «Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасының бірінші заңы қабылданған.
Облыстық ветеринария басқармасының бас маманы Ермек Құндыбаевтың осы салада еңбек етіп келе жатқанына 34 жыл болған. 1985 жылы Семей мал дәрігері зоотехникалық институтына түсіп, 1990 жылы аталған оқу орнын тәмамдаған. Еңбек жолын туған жері Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Арал совхозында бастаған. Ауылдағы бөлімшеде маман бес жыл қызмет атқарған. 1995 жылы Павлодар облысына қоныс аударып, әлі күнге дейін қызметін жалғастырып келеді. 2015 жылы ветеринария басқармасы құрылғаннан бастап бас маман қызметінде жұмыс істеуде.
– Өмірде бұл мамандықты таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Жылпы оқу бітіргеннен бері 34 жылдай қызмет атқарыппын, – дейді Ермек Құндыбаев.
Маманның айтуынша, облыста сирек кездесетін мал аурулары да болады, алайда басқарма бұл аурулардың көбеюіне жол бермеуде. Бүгінде осы саладағы ең басты мәселелердің бірі – бруцеллёз. Қазіргі уақытқа дейін тексерілген 291 мың ірі қара малдың 1500-ден астамы аталған ауруды жұқтырғаны анықталған. Сонымен қатар, 300 мыңға таяу тексерілеген ұсақ малдың 106-сынан ауру шыққан.
– Халқымызда «сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген сөз бекер айтылмаған. Мал болған жерде әртүрлі аурулар кездеседі. Облысымызда жиі болмаса да жеке меншік және ауыл шаруашылық құрылымдарында құтырық сынды аурулар кездеседі. Олардың бәріне уақытында карантин қойылып, сақтандыру шаралары өткізіледі. Бүгінде облыста эпизотикалық ахуал тұрақты, – дейді спикер.
Облыстық ветеринария басқармасы 2015 жылы құрылған. Бүгінгі таңда бірінші жартыжылдықтың жоспарлары толығымен атқарылып, диогностикалық және егу шаралары толығымен аяқталған.
Маман жалпы облыста мал дәрігерлерінің жеткілікті екенін атап өтті. Ведомствода көбінесе жастар қызмет атқаруда.
Айта кету кетерлігі, 2023 жылы биологиялық қауіпсіздік заңы қабылданды. Заң бойынша аса қауіпті ауруларға қарсы вакциналаумен айналысатын ветеринарлардың жалақысына үстемеақы төленеді. Нәтижесінде маман тапшылығы мәселе шешімін тапқан. Орташа есеппен алғанда мамандар 300 мың теңге алады. Жалпы басқарма жанында 32 адам жұмыс істесе, облыстық станцияларда 536 адам қызмет атқарады.