Павлодарлық тұрғын әлеуметтік дәріхана ашуды өтінді
Өтініш берушіге әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдаудың қаржылық құралдары түсіндірілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір тұрғындары аймақ басшысына тұрғын үй, жер қатынастары, денсаулық сақтау мәселелері бойынша жүгінді.
Баянауыл ауданы Мұса Шорман ауылының тұрғыны облыс әкіміне жайылымдық жерлердің тапшы екендігін жеткізді. Сондай-ақ, Сәтбаев ауылдық округіне қарасты жерлердің бір бөлігі мақсатына сай пайдаланылмайтынын атап өтті.
Асайын Байханов жер қатынастары басқармасына аталған фактілерді тексеруді, пайдаланылмайтын жерлерді мемлекет меншігіне алу жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырды.
Павлодар тұрғыны әлеуметтік дәріхана ашу және субсидиялау мәселелері бойынша жүгінді. Өтініш берушіге әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдаудың қаржылық құралдары түсіндірілді.
Барлық өтініштер бойынша аймақ басшысы тиісті ведомстволарға тапсырма берді, олардың орындалу барысы облыс әкімі аппаратының бақылауында болады.
Естеріңізге саламыз, аймақ тұрғындары қабылдауға e-gov порталы, E-otinish.kz немесе әкімдіктің +77021661661 WhatsApp желісі арқылы жазыла алады.