Павлодар облысында жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарған тұрғын жазаланды

Павлодар облысында жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарған тұрғын жазаланды
К.Шелковтың иллюстрациялық суреті

Ол 50 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бүгін облыс бойынша  «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық акциясы басталды. Іс-шара аясында құқық қорғау органдары қызметкерлері көлік құралын мас күйінде басқарған жүргізушілерді, жылдамдық режимін бұзғандарды, жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту қағидаларын сақтамағандарды, сондай-ақ қауіпсіздік белдіктері мен балаларға арналған орындықты пайдалану талаптарын орындамағандарды анықтауға ерекше назар аударуда.

Жедел-профилактикалық шараның алғашқы күні тәртіп сақшыларының қолына түскен заң бұзушының бірі - Павлодар ауданы Багдановка ауылында тіркелді. Рейд кезінде патрульдік полиция қызметкерлері ВАЗ-2106 маркалы автокөлікті тоқтатты. Құжаттарды тексеру кезінде 30 жастағы жүргізуші көлік құралын жүргізуші куәлігінсіз басқарғаны белгілі болды. 

- Жүргізуші бұған дейін көлік жүргізу құқығынан айырылған. Осыған байланысты ол тиісті құқықтарсыз көлік жүргізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал автокөлік мамандандырылған айып тұрағына қойылды. Іс материалдары сотқа беріліп, шешімі бойынша ер адамға 50 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жаза тағайындалды, – деді Павлодар ауданы ПБ бастығының бірінші орынбасары Нұриман Валеев

Полиция жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жолда барынша мұқият болуға, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

Айта кетелік, 23–25 қаңтар аралығында өтетін шарада тәртіп сақшылары жол көлік оқиғаларының алдын алып, жол қозғалысы ережелерін бұзғандарды анықтап әрі оның жолын кесуді мақсат етеді.