Павлодар облысында жалған нөмір пайдаланған жүргізушілер жазаға тартылды
Жолдарда бір тәулік ішінде мемлекеттік тіркеу нөмірлерін қолдан жасаған бес автокөлік жүргізушісі тоқтатылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Жалпы жол жүрісі қағидаларын бұзғаны үшін 156 жүргізуші жазаланды. Оның ішінде 57 жүргізуші оқылмайтын мемлекеттік нөмірмен, алтауы нөмірсіз, бесеуі жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін пайдаланып көлік басқарған. Сондай-ақ, 46 жүргізуші көлік жүргізу кезінде мобильді құрылғыларды қолданғаны үшін, 36-сы қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін, алты жүргізуші мас күйінде көлік басқарғаны үшін жауапқа тартылды. ЖҚЕ-нің өрескел бұзушылықтарына жол берген жүргізушілердің 13 автокөлігі арнайы айып тұрағына қойылды.
– Рейдтік іс-шаралар «Жалған нөмір» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында өткізілуде. Мәселен, Павлодарда полиция қызметкерлері жалған, белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін мемлекеттік нөмірлерді пайдаланған ВАЗ маркалы автокөлікті тоқтатты. Осындай құқық бұзушылық Екібастұзда да анықталды: ВАЗ-21099 автокөлігінің жүргізушісі қала ішінде талапқа сай емес нөмір белгілерімен жүрген. Екі жүргізуші де ҚР қолданыстағы заңнамасында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бойынша жауапкершілікке тартылды. Көлік құралдары процессуалдық шешім қабылданғанға дейін арнайы автотұраққа қойылды, – деді облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Берік Истаев.
Полиция жалған немесе өзгертілген мемлекеттік тіркеу нөмірлерін пайдалану жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзу болып табылатынын және заңмен белгіленген жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады. Мұндай іс-шараларды өткізу қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және жолдардағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.