Ақсулық құтқарушылар шатырдан секірмек болған әйелді құтқарып қалды
Әйел сауда үйлерінің бірінің төбесінен шығып алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
— Ақсу қаласында сауда үйінің шатырында әйел адамның тұрғаны туралы 112 қызметінің пультіне хабарлама келіп түсті. Куәгерлердің айтуынша, әйел секірмек болған. Оқиға орнына ТЖМ құтқарушылары жедел жетті. Қажетті қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ете отырып, құтқарушылар әйелді құтқару жұмыстарына кірісті, - делінген хабарламада.
Төтеншеліктер үш иінді баспалдақтың көмегімен әйелге жетіп, оны шатырдан қауіпсіз жерге түсірді. Ол полиция қызметкерлері мен жедел медициналық жәрдем бригадасына одан әрі тексеру және қажетті медициналық көмек көрсету үшін тапсырылды.
Оқиғаның мән-жайын тиісті мамандар саралайтын болады.