Павлодар облысында жасөспірімдер жұмысшы мамандықтарын меңгеруде

Бұл – «Samruk-Kazyna Trust»-тың балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне арнаған игі ісі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ата-ана қамқорлығынсыз қалған жасөспірімдерге қолдау көрсетуге бағытталған «Samruk Umiti» атты қайырымдылық жобасы іске қосылды. Аталмыш бастама жастардың өмірлік жолын табуына, болашақ кәсібін саналы түрде таңдауға жол ашуда.
Жоба аясында Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарындағы 100 бала қамтылды. Бұл – балалар үйлерінің тәрбиеленушілері үшін кәсіби бағдар беру аса маңызды саналатын өңірлер. Павлодар облысы бойынша «Павлодар қаласының отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» балалар үйі, Кенжекөл ауылындағы балалар үйі мен Павлодар қаласының АБҚО мекемелерінен 50-ге тарта жасөспірім қатысуда.
Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, әрбір қатысушыға жеке куратор бекітілген. Олар баланың қабілетін анықтап, қызығушылықтарына сай мамандық таңдауына бағыт-бағдар беруге көмектеседі. Бағдарламада электромонтер, слесарь, байланыс операторы, электровоз машинисі сынды еңбек нарығында сұранысқа ие техникалық мамандықтармен танысу мүмкіндігі қарастырылған. Жасөспірімдер колледждер мен кәсіпорындарды аралап, таңдаған кәсібінің нақты өмірде қалай жүзеге асатынын көзбен көре алады.
– Біз бұл балалар тек білім алып қана қоймай, алдарында жарқын болашақ бар екенін сезінсе дейміз. Олар өз таңдауларын саналы түрде жасап, армандарына сенімді түрде қадам бассын деген ниеттеміз, – дейді «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева.
Бағдарлама соңында қатысушыларға «Самұрық-Қазына» қорына қарасты кәсіпорындарға жұмысқа орналасуға жәрдем беріледі. Аталған жобаны компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қайырымдылық қоры жүзеге асырып жатыр.