Жасы үлкен аналар: Павлодар облысы туу көрсеткіші бойынша үштікке кіреді
Ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айларында елімізде 91,9 мың сәби дүниеге келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Finprom.kz мониторингтік агенттігінің мәліметінше, 2023 жылы елімізде 388,4 мың адам дүниеге келді. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 3,8%-ға аз. «Ковидті нәресте» толқынынан кейін 2022 жылы көрсеткіш бірден 9,5%-ға, яғни 403,9 мың адамға дейін төмендеді.
Статистика бойынша, 21 ғасырдағы «ең жемісті» жыл 2021 жылғы «корона дағдарысы» болды. 2023 жылы туу бойынша аналардың орташа жасы 29,7 болса, 2022 жылы 29,5 жасты құрады.
– Аталмыш көрсеткіш бойынша дүниеге сәби әкелген ең «жасы үлкен» аналар өңір – Астана (30,8 жас). Одан кейінгі орында Алматы (30,6 жас), Павлодар (30,4 жас), Шығыс Қазақстан (30,3 жас), Абай (30,2 жас) және Ақтөбе (30,2 жас) облыстары тұр, – деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ, «ең жас» аналар Түркістан облысында тұрады. Мұнда орташа жас 28,4 жасты құрады. Одан кейінгі орындарда Шымкент, Жамбыл, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстарын атауға болады.
Айта кетейік, Түркістан облысы дүниеге келген бала саны бойынша көшбасшы болса да, туу коэффициенті жағынан Маңғыстаудан кейінгі екінші аймақ болып келеді. Одан әрі Шымкент, Қызылорда және Атырау облыстары орналасқан.